НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Сарыарқа" магистральді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу арқылы Қазақстан солтүстік облыстарын газбен толық қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде кеңесте еліміздің солтүстік өңірін, атап айтқанда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен толық қамтамасыз ету мәселесі ерекше көңіл бөлуді қажет ететінін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Оны шешудің екі жолы бар. Атап айтқанда "Сарыарқа" магистральді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Аталған екі тәсілдің де өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Үкіметке өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, жуық арада таңдау жасауы қажет", – деді президент.
Еліміз бойынша газдандыру деңгейі 53 пайыздан асты. Алты өңір 90 пайыздан астам көлемде газбен қамтамасыз етілген. Бұл ретте, мемлекет басшысы елорданы, Қарағанды және Ақмола облыстарын газбен қамтамасыз ету мерзімінің кешіктіріліп жатқанын атап өтті.
"Әкімдіктердің салғырттығынан тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз етудің белгіленген мерзімдері кейінге шегерілуде. Сондықтан үкіметке нақты мерзімін, индикаторлар мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып, аталған өңірлерді газбен қамтамасыз ету жоспарын жандандыруды тапсырамын", – деп түйіндеді президент.
"Сарыарқа" магистральді газ құбыры 2019 жылы пайдалануға берілді.