Экономика

Мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялар үшін не өзгереді – сенат заң қабылдады

© Photo : pixabay.comБизнес, смета, бизнес-план, закупки, иллюстративное фото
Бизнес, смета, бизнес-план, закупки, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.05.2021
Жазылу
Заң жобасы "Самұрық-Қазына" қорының және өзге де ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуларын реттеуге бағытталған

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Парламент сенаты квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заң мен оған ілеспе заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қазір квазимемлекеттік сектордың сатып алулары әртүрлі нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Осы заң жобасымен "Самұрық-Қазына" қорының және өзге де ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуларын реттеу ұсынылып отыр.

"Осылайша заң жобасы сатып алулары шамамен 3,4 триллион теңгені құрайтын 250-ден аса ұлттық компанияны еншілес ұйымдарымен бірге қамтиды. Бұл ретте орталық және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы мемлекеттік кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің сатып алуларын "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң аясында қалдыру ұсынылады", - деді министр сенат отырысында.

Заң жобасында мынадай негізгі тәсілдер көзделген:

  • біріншіден, мемлекеттік сатып алуға ұқсас тендерлік құжаттаманы алдын ала талқылау, сондай-ақ шағымдану кезеңінде келісімшарт жасасуды тоқтата тұру механизмдері ұсынылады;
  • екіншіден, сатып алу процесін нақтылайтын нормаларды ережелер деңгейінде регламенттеу.

Министр "Самұрық-Қазына" қорының сатып алу ережелерін бекітуді уәкілетті орган – қаржы министрлігінің келісімімен қордың қарамағында қалдыруды ұсынды. Айтуынша, бұл қор қызметінің ерекшелігі мен оның мәртебесіне, сондай-ақ ІРО өткізу және жекешелендірудің өзге де түрлері  кезінде қор компанияларының инвестициялық тартымдылығын сақтау қажеттігіне байланысты.

Жамаубаев заң жобасы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ сенат осы мәселеге қатысты ілеспе құжатты қабылдады. Ілеспе заң жобасы 2 баптан тұрады.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік кодексіне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асыру бөлігінде редакциялық түзетулер енгізіледі.

"Мемлекеттік мүлік туралы" заңда негізгі заң жобасында қарастырылған квазимемлекеттік сектор субьектілерінің сатып алуларына қатысты нормалар алынып тасталады.

Оқи отырыңыз: Министр мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетуді сұрады

"Төтенше жағдай туралы" заңда төтенше жағдай енгізілген және осыған байланысты туындаған дағдарысты жағдай кезеңінде Қазақстан президентінің актілерімен квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы үшін ерекшеліктер белгіленуі мүмкін деген норма енгізіледі.

Жамаубаевтың айтуынша, заң жобасын 2022 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік қаржыны тиімді жұмсау – аса маңызды мәселе екенін атап өтті.

"Мемлекеттік сатып алуды, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың алуын тиімді пайдалануды пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық бәсекелестікті қалпына келтірудің тетігі ретінде қарастырған жөн. Алайда осыған дейін ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің сатып алулары жалпы тәртіптен шығарылып, өз ережелері бойынша жүргізіліп келді. Мемлекет басшысы бұл мәселелерді шешу үшін тиісті заңды қабылдауды тапсырған еді. Соның нәтижесінде заңдар әзірленіп, қабылданып отыр", - деді спикер.

Оның пікірінше, жаңа нормалар квазимемлекеттік сектордың жекелекеген субъектілерінің сатып алудағы бірыңғай жүйесін қалыптастырады.
"Заңдарды жүзеге асыру сатып алу рәсімдерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға жол ашады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Бүгін қабылданған заңдар алдағы уақытта елімізде қаражатты тиімді пайдалануға, сондай-ақ кәсіпкерлерге сатып алуларға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беруге ықпал етеді деп сенеміз", - деді Әшімбаев.

Жаңалықтар
0