Экономика

"Тарифті ұстап тұру мүмкін емес": президент электр энергиясының бағасына тоқталды

© AFP 2024 / APU GOMESЭлектр желісі
Электр желісі - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2021
Жазылу
Президенттің сөзінше, өнеркәсіптің негізгі қорын шынайы жаңғыртудың орнына, көбінесе көзбояушылық жасалады

АЛМАТЫ, 26 мамыр – Sputnik. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай болмай тұр. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі кеңес барысында айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Экономика мен энергетика

Президент энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлі зор екенін, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екеніне айтып өтті.

Оның сөзінше, сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Ал шын мәнінде елдің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты. Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда энергияны 3 есе көп пайдаланады.

"Бұл ретте біздің ішкі жалпы өнім құрылымында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қоры мен құрал-жабдықтары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының және әлемдегі басқа да озық елдердің заманауи стандарттарына сай келмейді дегенді білдіреді ", – деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, өнеркәсіптің негізгі қорын шынайы жаңғыртудың орнына, көбінесе көзбояушылық жасалады.

Тарифтерді бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес

Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтердің қолжетімді болуы маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе екенін айтты.

"Пандемияның кері әсерін төмендету мақсатында осы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрі кейінге шегерілді. Сонымен қатар тарифтерді үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызуы қажет", – деді Тоқаев.

Әдетте тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктеледі. Жекелеген аймақтарда оның айырмашылығы 400%-ке жетеді. Бұл нарықтың дамуына кері әсер етеді және энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигізбейді.

"Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, онда өте қымбат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдықтарды пайдаланудың не қажеті бар. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің басты қағидаты сақталмауда. Осындай келеңсіздіктің нәтижесінде, шын мәнінде, көмекке мұқтаж санатына жататын азаматтар қажетті көлемде жеңілдік алмайды", – деді президент.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Алматы экологиясы туралы: "Мұны одан әрі соза беруге болмайды"

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиын барысында мемлекет басшысы атом станцияларын салу, Алматыдағы ЖОЭ-ні газға көшіру мәселесін көтерді.

Жаңалықтар
0