НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021–2023 жылдарға арналған республикалық нақтыланған бюджетті бекітті, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысы "2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", – делінген ресми хабарламада.
Заңға сәйкес, республикалық бюджеттің шығыстары 1 487,1 млрд. теңгеге артады. Құжатта нақты бағыттар да айқындалған. Олар:
- республикалық және жергілікті жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау – 140,2 млрд. теңге;
- "Бақытты отбасы" жобасын іске асыру – 40,0 млрд. теңге;
- ішкі істер органдарының жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылдау – 30,3 млрд. теңге;
- медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту – 8,6 млрд. теңге;
- жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын көбейту – 9,6 млрд. теңге;
- жоғары білім алу үшін гранттар санын көбейту – 3,4 млрд. теңге;
- ғылымды дамыту – 7,1 млрд. теңге;
- пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік үй-жайларында жаппай бейнебақылау енгізу – 4,2 млрд. теңге;
- сумен жабдықтау қызметтеріне, оның ішінде қалалар мен ауылдарда қолжетімділікті қамтамасыз ету – 32,4 млрд. теңге;
- өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемін көбейту – 81,0 млрд. теңге;
- агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидиялау – 30,5 млрд. теңге;
- агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыру – 15,0 млрд. теңге;
- шағын және орта бизнесті дамыту – 73,7 млрд. теңге;
- жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде іс-шараларды іске асыру – 90,9 млрд. теңге;
- дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың қажетті резервін қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейін арттыру – 29,3 млрд. теңге;
- күтілетін орташа өмір сүру ұзақтығын арттыру – 25,8 млрд. теңге;
- газ тасымалдау жүйесін дамыту – 8,7 млрд. теңге;
- 3 500-ден астам ауылды жаңғырту – 70,8 млрд. теңге;
- жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын төмендету – 27,8 млрд. теңге;
- азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту – 25,0 млрд. теңге;
- туризмді дамыту – 10,5 млрд. теңге;
- аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды қамтамасыз ету және өткізу – 4,7 млрд. теңге.
Бұдан бөлек, коронавирустық инфекцияға қарсы күреске бағытталған іс-шараларға 265,3 млрд. теңге қарастырылған. Соның ішінде карантиндік шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы ретінде 69,5 млрд. теңге бөлінеді.
Оқи отырыңыз: "Құттықтауға рұқсат етпеді": Тоқаев туған күнін қалай тойлап жатқаны белгілі болды
Бұл санатта COVID-19 таралуына жол бермеу мақсатында провизорлық стационарға емдеуге жатқызылған пациенттерге медициналық кызмет көрсету мен ПТР-тест жасау (80,3 млрд) үкімет резервін ұлғайту (100,0 млрд), иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысын аяқтау (1,5 млрд), отандық вакцинаның клиникалық зерттеулерінің I/II және III фазаларын жүргізу (1,4 млрд), жеке қорғану құралдарын сатып алу (12,3 млрд) және тағы басқа маңызды шаралар бар.