Экономика

"Қара тізімнен" шыққан 2 миллион адам тағы кредит ала ма – мамандар пікір білдірді

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак процента
Знак процента - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.04.2021
Жазылу
Парламент сенатының кезекті отырысында депутаттар кредиттік тарихтың мерзімін қысқартуға арналған заңды қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді

НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. Осы айда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен шағын қаржы ұйымдарында кредит алғандарды оңалту тетігін іске қосқан болатын. Соның аясында өз берешегін толығымен жапқан 1,4 миллион адам автоматты түрде "қара тізімнен" шығарылды. Ал күні кеше сенат депутаттары кредиттік тарихтың мерзімін қысқартуға арналған заңды қабылдады. Осылайша тағы 490 мың адам банктер мен қаржы ұйымдарынан кредит ала алады. Енді олардың барлығы қайтадан қарызға белшесінен батпай ма? Халық кредитті төлей алмай, қиын жағдайға тап болмай ма? Жалпы "қара тізімнен" шығарудың шарттары қандай? Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген экономист мамандар осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

Орташа жалақыны көтеру керек

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың ойынша, қарапайым халық кредитке белшесінен батпайды. Себебі өткен жылы тиісті заң қабылданды.

"Былтыр әлеуметтік осал топтарға кредит бермеуге қатысты заң қабылданған. Сондықтан халық тағы қарызға белшесінен батады деген қатты қорқыныш жоқ. Сосын банктерде скоринг, яғни кредит алуға өтініш берген адамды бағалау жүйесі бар. Олар төлем қабілеттілігін жан-жақты тексере алады", – дейді Халық.

Сарапшының айтуынша, оңалту шарасына ілінген және кредиттік тарихы қысқартылатын 2 миллион адамның ішінде кредитті төлей алатындар баршылық.

"Мен өзім білемін, көп азаматтар кредитті бауырларына немесе достарына алып берген. Солардың кесірінен кредиттік тарихы бұзылып қалды. Меніңше, ондай адамдар қазір банктен қарызға ақша алса, оны емін-еркін қайтара алады", – деп атап көрсетті Халық.

Осы орайда маман халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне баса назар аударды. Үкімет ұлттық бағдарламаны дайындаса да артық болмайды. Соның арқасында біраз адамды кредиттік проблемадан құтқаруға болады. Өйткені бүгін таңда қарызын тағы бір кредитпен жабатындар да аз емес. Бұдан бөлек, халықтың орташа табысын көтеру керек.

"Бүгінде ең төменгі табыстың өзі 42 500 теңге өте аз болып тұр. Сондықтан оның көлемі, кем дегенде, 70 000 теңге болуы керек. Ал орташа табыстың мөлшері 200 000 теңгенің үстінде болса, халықтың төлем қабілеттігі көтеріледі. Кредит жабуға да, баспанаға бастапқы жарна жинауға да ақшасы болады", – дейді Халық.

Бұның барлығы – дағдарыс кезінде алынған кредиттер

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, 10 жыл бұрын кредит алған адамдар оны бірден қайтара алмады. Себебі дағдарыс болды. Сол кезде көбісі қиын жағдайға тап болды. Артынан өз қарызын төлеп тастады. Енді кредиттік мерзімін қысқартуға мүмкіндік алып отыр.  

"Адам "оңалтылды" деген статус алса да, кредиттік тарихы қысқартылса да, бірден банкке жүгірмейді деп ойлаймын. Бәлкім, кредит алатындар болатын шығар. Бірақ олар қарызын қайтара алады. Бұл жерде оңалту шарасы адамның қарызын кешіруді көздеп отырған жоқ. Бұрынғы қарызын жапса ғана "оңалтылды" деген дәрежесін алады немесе кредиттік тарихтын мерзімі қысқартылады. Ал қарызын жапқан адам жаңа кредитті төлей алады", – деді Құсайынов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

Сарапшы оңалтуға және кредиттік тарихын қысқартуға жататын 2 миллион адамның барлығы бірдей қарызын үнемі қайтармайтындардың қатарына жатпайтынын ерекше атап өтті.

"Мәселе оңалтуға жататын адамдардың санында емес, олардың кредитті қайтару қабілетінде болып тұр ғой. Мысалы, "қара тізімге" кірмейтін адам да кредиттерді қайтармай жүруі де мүмкін. Ал бұрын қарызын қайтара алмаған, артынан "қара тізімге" кірсе де, кредитті жапқан адам тағы қарызға ақша алса, оны уақытында төлеп отыра алады. Ондай мысалдар көп. Әрбір қарыз алушыны жеке-дара қарастыру қажет", – дейді Құсайынов.

Оңалту мен кредиттік тарихты қысқарту жүйесі

Жақында қаржы нарығын реттеу және бақылау агенттігі кредит алған азаматтарды оңалту жүйесінің іске қосылғанын мәлімдеді. Оған сәйкес, бұрын банктерден немесе шағын қаржы ұйымдарынан қарызға ақша алған, артынан үш айдың ішінде қайтармаған адамдар өз берешегін толығымен жапса, "оңалтылған" деген статус алады. Сондай-ақ бір жылдың ішінде басқа қарыздар болмауы шарт.

Оңалтудан өту үшін құжат тапсырудың қажеті жоқ. Кредиттік бюрода барлық ақпарат автоматты түрде өңделеді. Осылайша бүгінде 1 миллион 419 мың адам теріс кредиттік тарихтан құтылды. Ендігі жерде олар тағы кредит рәсімдей алады. Бірақ банктер мен шағын қаржы ұйымдары "оңалтылған" деген белгіні көріп отырады. Бұның барлығы кредит рәсімдеу кезінде ескеріледі.

Ал қарыз толығымен жабылмаса, ай сайынғы төлемнің ыңғайлы кестесін жасауға мүмкіндік беріледі. Сөйтіп, барлық берешек жабылып, бір жылдың ішінде ешқандай қарыз болмаса, оңалту шарасы жасалады.

Оқи отырыңыз: Кредит төлемдерін кейінге шегеру: депутат жеңілдіктің тиімсіз тұсын атады

Бұдан бөлек, сенат депутаттары 29 сәуірде кредиттік тарихтың мерзімін қысқартуды көздейтін заңды қабылдады. Бұрын кредит тарихын сақтау мерзімі 10 жыл болса, енді қарызын толығымен өтеген және берешегі жоқ адамдарға қатысты ақпарат 5 жыл ғана сақталады. Соның арқасында 490 мың адам теріс кредиттік тарихтан құтылады. Заң президентке жіберілді.

Жаңалықтар
0