Экономика

Биыл жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алатындар саны өсті

© Sputnik / Болат ШайхиновДеньги
Деньги - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.04.2021
Жазылу
Заң бойынша жұмыстан босатылған азаматтар 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады

НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір — Sputnik. Биыл жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алатын адамдардың саны екі есеге өсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"1 сәуірдегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 48,7 мың адамды құрады, бұл ретте осы жылы 24,9 мың адамға алғаш рет төлем тағайындалды", - делінген ресми хабарламада.

Заң бойынша жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысының мөлшеріне қарай 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Оның көлемі бұрынғы кірістің 40 процентіне дейін жетеді.

Төлемді алу үшін жұмыстан босатылған азамат бірнеше талапты орындау қажет. Олар:

  • eGov.kz порталында авторизациялану;
  • "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
  • Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу.

Жұмыспен қамту орталығы бір күннің ішінде бос жұмыс орындарын ұсынады. Ал жұмыс табылмаса, үш күн ішінде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі төлемді проактивті форматта тағайындай алады. Ол үшін алдымен қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жіберіледі. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде бекітіледі.

"Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеген кезеңде оны қолдауға арналған", - дейді министрлік мамандары.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жалақысы ең төмен өңірлер аталды

Айта кетейік, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанның 40 қаласының тұрғындары үшін электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету функционалын іске қосқан. Пилоттық жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, соның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.

Жаңалықтар
0