Экономика

Атырау зауытында жөндеу мерзімі созылды: бензин қанша күнге жетеді

© Sputnik / Игорь Зарембо / Медиабанкке өтуЖанармай бекеті, архивтегі сурет
Жанармай бекеті, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2021
Жазылу
Министрдің айтуынша, елде мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытына жоспарланған күрделі жөндеу жұмысының мерзімі ауыстырылды

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik. Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстарын сәуірдің соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Биыл қаңтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытында электр энергиясын жеткізуде іркіліс пайда болған еді. Соның салдарынан технологиялық қондырғылар апатты жағдайда тоқтап, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындады.

"Алғашқы жоспар бойынша жөндеуді 4 сәуірде аяқтап, зауытты толық қуатына 10 сәуірде шығару жоспарланған. Алайда ақауларды анықтау барысында қосымша жөндеу шаралары қажет екені анықталды. Сол себепті Атырау мұнай өңдеу зауытын 24 сәуірде іске қосу жоспарланып отыр", – деді Ноғаев үкімет отырысында.

Атырау МӨЗ-дің қондырғыларын жөндеу барысында елде мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытында 25 наурыз бен 10 мамыр аралығына жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімі 1 мамыр мен 10 маусымға ауыстырылды.

Министр қазір республикада бензин тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді.

"9 сәуірдегі жағдай бойынша мұнай өнімдері қорының деңгейі жеткілікті деңгейде. Яғни, 25 күнге жететін бензин, 27 күнге жететін дизель отынының қоры бар", – деп сендірді ол.

Оқи отырыңыз: Жанармай импортына салынған тыйым мұнай өңдеу зауыттарына қалай әсер етті

Айтуынша, қаңтар-наурыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда 3 миллион тоннадан аса мұнай өнімдері өндірілді. Ал бензин бойынша көрсеткіш 1,1 миллион тоннаға жетті, яғни жоспар 94,5%-ке орындалды. Өндірілген дизель отынының көлемі – 1 миллион тонна, жоспар – 89,7%-ке тең.

Жаңалықтар
0