НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Ұлттық банк номиналы 1000 теңгелік "Qazaqstannyń astanasy – Nur-Sultan" коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Номиналы 1000 теңгелік монеталар құрамдас бөлігінде алтын компоненті бар күмістен жасалған. "QAZAQSTANNYŃ ASTANASY – NUR-SULTAN" коллекциялық монеталары – "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" сериясынан.
Таралымы – 1000 дана, жалпы массасы – 62,2 грамм, диаметрі – 50 мм.
Монеталар 925/1000 сынамалы күмістен, массасы 46,2 грамм, құрамдас бөлігі 999/1000 сынамалы алтыннан, массасы 16 грамм, "proof" сапасымен дайындалған.
"Монеталар сатылымға шығатын күнге қатысты ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады", - делінген хабарламада.
Ұлттық банк коллекциялық монеталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстанның бүкіл аумағында қабылдануға, сондай-ақ, барлық банкте банк шоттарына есепке алынуға, аударылуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті екенін еске салды.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.