Экономика

Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызы қанша болғанын мәлімдеді

© Photo : Пресс-служба Национального банка КазахстанаҰлттық банк ғимараты
Ұлттық банк ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.02.2021
Жазылу
Елдің сыртқы қарызының құрылымында ең көп үлесті жеке сектордың фирмааралық берешегі алып отыр. Бұл 101,3 миллиард АҚШ доллары немесе 62,9%

НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 миллиард долларға тең. Оның 80 проценті жекеменшік ұйымдарға тиесілі. Сол себепті сыртқы борыш бюджет немесе халықтың ақшасы есебінен төленбейді. Бұл туралы Ұлттық банктің төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ұлттық банктің ақпаратынша, 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 миллиард АҚШ долларын (немесе ЖІӨ-ге шаққанда 90,7%) құрады.

"Бұл ақша бюджеттің немесе халықтың қаржысы есебінен төленбейді. Өйткені сыртқы қарыздың шамамен 80%-і мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі", – деп түсіндірді Өскенбаев.

Айтуынша, мемлекеттік сыртқы қарыз ел борышының бар жоғы 8,2%-іне немесе 13,2 миллиард АҚШ долларына, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5% немесе 20,1 миллиард АҚШ долларына тең. Бұл жалпы алғанда ЖІӨ-ге шаққанда 18,8%-ті құрайды және халықаралық тәжірибеге сәйкес қауіпсіз деңгейге жатады.

Ұлттық банктің мәліметінше, елдің сыртқы қарызының құрылымында ең көп үлесті жеке сектордың фирмааралық берешегі алып отыр. Бұл 101,3 миллиард АҚШ доллары немесе 62,9%. Оның басым бөлігі шетелдіктердің қатысы бар үш ірі жоба – Қашаған, ТШО және Қарашығанаққа тиесілі.

"Мұндай жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген өз тобының компанияларын қаржыландырады. Халықаралық әдіснамаға сәйкес, осындай инвестициялар да елдің сыртқы қарызы болып саналады. Халықаралық тәжірибеде сыртқы қарыз көрсеткіштерін талдау кезінде фирмааралық берешекті алып тастау қабылданған, себебі ол тәуекелі ең аз борыш болып есептеледі. Өйткені үлестес кредиторлар қарыз алушылардың табысты қызметінің жалғасуына мүдделі және көбіне, бұл міндеттемелер шартты болып келеді", – деді департамент директоры.

Үкімет пен Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызына тұрақты түрде мониторинг жасап, бақылап отырады.

Оқи отырыңыз: Есімов Назарбаевқа сыртқы қарыз 5,1 миллиард долларға азайғанын хабарлады

Жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасы және Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында елдің борыш тұрақтылығын анықтайтын индикаторлар белгіленген:

  • мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың (сыртқы және ішкі) арақатынасы – ЖІӨ-нің 60%-нен аспауы тиіс (2020 жылдың 1 қазанында 46,5%);
  • елдің сыртқы борышының арақатынасы – ЖІӨ-нің 100%-нен аспауы керек (2020 жылдың 1 қазанында 90,7%);
  • үкімет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарызы – Ұлттық қордағы валюталық активтердің жалпы мөлшерінен аспауы тиіс (2020 жылдың 1 қазанында 59,1%).

Сыртқы қарыз міндетті түрде экономикаға және ел халқына артылатын жүктеме емес екенін есте ұстаған жөн. Сыртқы міндеттемелер – инвестициялардың қосымша көзі. Сырттан қаржы тарту жаңа технологиялар ағынын қамтамасыз етеді, жаңа жұмыс орындары пайда болады, тікелей салық түсімдерін қамтамасыз етеді, әлемдік өндірістік тізбектерге интеграциялануға және өткізу нарықтарын кеңейтуге септігін тигізеді, деп түйіндеді банктен.

Жаңалықтар
0