НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Қазақстандықтар бір-біріне доллар бағамы күрт өзгеретінін ескертіп жатыр. Желіде тараған ақпаратта 27 қаңтардан бастап шетелдік валюта алтын құнына тәуелді болатыны айтылған.
stopfake.kz порталы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
"АҚШ-тың валюталық жүйесіндегі өзгерістерге қатысты ресми мәлімдеме болған жоқ. Федералды резервтік жүйенің сайтында да мұндай хабарлама жарияланбаған. Демек, осы жылдың 27 қаңтарында доллардың "алтын стандартқа" байланатыны туралы хабарлама расталмайды", - делінген хабарламада.
Көптеген экономистің пікірінше, долларды "алтын стандартқа" тәуелді ету оң нәтиже бермейді. Керісінше, бұл шара айналымдағы ақшаны едәуір азайтады.
Сондай-ақ, алтынның құбылмалы бағасы АҚШ валютасына теріс әсерін тигізеді.