Экономика

Шындыққа жанаспайды: министрлік қызанаққа қатысты ақпаратты жоққа шығарды

© Sputnik / Константин Чалабов / Медиабанкке өтуҚызанақ, архивтегі сурет
Қызанақ, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Россельхознадзор" Алматы мен Ақтөбе облысында өндірілген қазақстандық қызанақтардан вирус анықталғанын мәлімдеді. Ал Нидерландыдағы тәуелсіз тексерушілер ешқандай вирус таппады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі "Россельхознадзордың" Қазақстаннан Ресейге қызанақ пен тәтті бұрыш жеткізуге тыйым салу туралы шешіміне жауап берді. Сондай-ақ, ресейлік тараптың өнімдерден вирус табылды деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

Өткен жылдың желтоқсан айында Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі ("Россельхознадзор") қазақстандық "Green Capital Kazakhstan" және "Green Land Alatau" ЖШС-і өндірген қызанақтан қауіпті вирус (Tomato brown rugose fruit virus немесе ToBRFV) анықталғанын хабарлаған. Осыған орай, қазақстандық тарапқа "Greenhouse-Qaztomat" ЖШС-і өндіретін қызанақты Ресейге кіргізуге шектеу енгізгені туралы хат жіберген.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шұғыл түрде ресми тексеру ұйымдастырды.

"Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар мен "Фитосанитария" РМК, "Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы" РММ, "Республикалық өсімдіктер карантині орталығы" ММ мамандары ПТР-талдау жүргізу мақсатында сынамалар алу үшін "Greenhouse-Qaztomat" ЖШС-де комиссиялық тексеру жүргізді", – делінген хабарламада.

Талдау үшін Ресейдің "Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығының" жедел тесттері қолданылып, зертханалық талдау әдістеріне ресейлік ұйымның мамандары да қатыстырылды. Сараптама қорытындысы бойынша "Greenhouse-Qaztomat" ЖШС өнімдерінде ToBRFV вирустары анықталған жоқ.

Сонымен қатар, шынайылыққа көз жеткізу үшін компания өкілдері өнімнің сынамасын Нидерландыдағы "Groen Agro Control" тәуелсіз зертханасына жіберді. Қосымша зерттеу нәтижелері бойынша жылыжай шаруашылығында вирус анықталған жоқ.

Осындай комиссиялық тексерулер "Green Capital Kazakhstan" мен "Green Land Alatau" жылыжай шаруашылығында жүргізілді. Ол жерлерде де вирус анықталмады.

Қазақстанның ұстанымы қандай?

Ресми тексерулер нәтижесі "Россельхознадзорға" жолданды.

"Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті "Россельхознадзордың" іс-әрекеті ЕАЭО туралы шарттың талаптарын өрескел бұзады және жасанды кедергі болып табылады деп есептейді. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінуге ниетті", – деп мәлімдеді министрлік.

Оқи отырыңыз: "7% қосып еді, бәрі қымбаттады": Ақтөбеде азық-түлік бағасы шарықтап кетті

Сондықтан да, министрлік вирустарды анықтау фактілерінің дұрыстығына күмән келтіреді. Себебі, "Россельхознадзордың" Свердлов референттік орталығы 2020 жылғы 11 желтоқсанда "Greenhouse Kazakhstan" ЖШС өнімі қауіпті деп қорытынды берген.

Алайда компания 24 желтоқсанда сол партиядан сынамаларды алып, "Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығы" ФМБМ-нің орталық зертханасында қайта сараптама жүргізуді талап еткеннен кейін, аталған өнімнің тазалығын растайтын қорытынды алған.

"Қазақстандық қызанақ пен тәтті бұрыш өнімдері вирус жұқтырды деген ақпаратқа байланысты мемлекеттік инспекция комитеті еліміздің барлық жылыжай шаруашылықтары мен республика аумағынан шығарылатын қызанақтарға кешенді тексеру ұйымдастырды. Зертханалық сынақтардың қорытындысы бойынша жылыжай шаруашылықтарында вирус анықталған жоқ", – делінген хабарламада.

Десек те, 16 жағдайда Әзірбайжаннан жеткізілген қызанақтарда вирус анықталғандықтан, қауіпті вирус жұқтырған қызанақ тиелген барлық көліктер шекарада ұсталып, жүк экспорттаушы елге кері қайтарылды.

Айта кетейік, бұған дейін "Россельхознадзорға" Қазақстанның екі аймағынан қызанақ пен тәтті бұрыш жеткізуге тыйым салынатыны хабарланған болатын. Мұндай шектеу Ресейде қызанақ өніміне қоңыр әжімдердің енуіне және таралуына жол бермеу үшін енгізілген.

Жаңалықтар
0