Экономика

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы қанша болады – министрлік ақпарат жариялады

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге, купюры, монеты
Деньги, тенге, купюры, монеты  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруіне байланысты жәрдемақы 5 процентке өскен болатын

НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақының қалай өскенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Қазақстанда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 7%-ке, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5%-ке ұлғайды", - делінген ресми хабарламада. 

Осылайша, жасына байланысты және еңбек жылдары үшін төленетін зейнетақының ең төменгі мөлшері 43 272 теңге. Ал базалық зейнетақы 5 процентке артып, 1 қаңтардан бастап ең төменгі мөлшері 18 524 теңгеге жтті. Сөйтіп, 1 қаңтардан бастап екеуін қосқанда ең төменгі зейнетақы 61 796 теңгеге дейін көтеріледі. Оны 2,2 миллион зейнеткер алады.

Бұдан бөлек, биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруіне байланысты жәрдемақы 5 процентке өседі. Олар:

  • мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
  • мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға мемлекеттік жәрдемақы;
  • бала кезінен I-ші топтағы мүгедекке күтім жасайтын отбасыларға (адамдарға) мемлекеттік жәрдемақы.

Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты 1 қаңтардан бастап келесі жәрдемақылардың мөлшері 5%-ке артты:

  • №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар;
  • бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар;
  • бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған және "Ана даңқы" орденімен марапатталған көпбалалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, мемлекеттік жәрдемақылар;
  • бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар;
  • Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар;

Сондай-ақ, "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заңға сәйкес, еңбек ету қабілетінен айрылу және асыраушысынан айрылу жағдайында төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де 5 процентке артып отыр.

 

Жаңалықтар
0