АЛМАТЫ, 21 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия банктерінен 1,5 миллиард еуро қарыз туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда сайтында хабарланды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы "Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" заңға қол қойды. СOVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар және шығыстарды қолдау бағдарламасы екені көрсетілген. Кредит сомасы 661 миллион 800 мың еуроны құрады.
Сонымен қатар президент "Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (жай операциялар) ратификациялау туралы" заңға қол қойды. Кредит сомасы 908 миллион 596 мың еуроны құрады.
Айта кетейік, 10 желтоқсанда сенат Қазақстанның Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 1,5 миллиард еуро қарыз алу келісімдерін ратификациялады.
Қаржы қайда жұмсалады
Бұған дейін қаржы министрлігі қарыз халықтың тұрмысы төмен тобын қорғауға бағытталғанын хабарлады.
Бизнестің жол картасы бойынша өңірлерді, инфрақұрылымды қолдау, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша инфрақұрылымдық іс-шараларды іске асыруға да жұмсалады.
Экспорт секторындағы қазіргі күрделі ахуалды ескере отырып, қаражат әлемдік нарыққа шығу жөніндегі шараларға да бағытталатын болады.
Сондай-ақ жеңілдікпен кредит беру де қарастырылады. Қарыздың шамамен 70-80%-і осы шараларға бағытталады. Халықтың тұрмысы төмен топтарын қорғау бойынша соманың 10-15%-ін бағыттау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қарыздар 2021 жылдағы бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады. Қаражат Қазақстан үкіметінің COVID-19 пандемиясының салдарымен күрес және экономиканы қалпына келтіру жөніндегі шараларын қолдауға мүмкіндік береді.