НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Тауарларды міндетті таңбалау өзіндік құнды төмендетуге және өнімнің қазіргі бағасын 5-10%-ке түсіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр тауарларды міндетті таңбалау және қадағалау ел экономикасына оң әсер тигізетініне сенімді. Айтуынша, бұл шаралар адал бәсекелестікті дамытып, заңды нарық үлесі мен өндіріс көлемін 30-50%-ке ұлғайтады.
"Бұл, өз кезегінде, өзіндік құнды төмендетіп, бағаны тауарлардың қазіргі құнынан 5-10%-ке төмендетуге және жаңа жұмыс орындарының арқасында 2-3 мың азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді", - деді Сұлтанов үкімет отырысында.
Ол Қазақстанда 6 сала бойынша таңбалауды енгізу көзделген тауар топтарында көлеңкелі нарық көлемі, сараптамаларға сәйкес, 63%-ке дейін жететінін мәлімдеді. Осы тауар топтарын таңбалауды енгізу арқылы заңды тауар айналымының көлемі 337 миллиард теңгеге, ал бюджет кірісі 58 миллиард теңгеге артады деп болжанып отыр.
Тағы оқыңыз: Тауарлардың заңдылығын мобильді қосымша арқылы тегін тексеруге болады – Мамин
"Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, 2016 жылдан бері ішкі айналымда 30 миллиард теңгеден астам соманың контрафактілік тауарлары анықталды. Осындай қымбат тексерістердің орнына нарықты тазартатын тиімді жүйе енгізіледі деп айтуға болады", - деді министр.
Тауарларды таңбалау және қадағалаудың кешенді жүйесін енгізу бес жыл ішінде бюджетке 2,6 триллион теңге кумулятивтік әсер береді деп күтілуде.