Экономика

"Мұның соңы неге алып келеді?": сенатта маңызды мәселе көтерілді

© Photo : Пресс-служба сената парламента КазахстанаСенатор Ахылбек Куришбаев
Сенатор Ахылбек Куришбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенатордың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде бюджет қаражатының игерілмеуі және оны мақсатсыз пайдалану көлемі жоспардың дұрыс жасалмағанын көрсетіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Сенатор Ақылбек Күрішбаев үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, ауыл шаруашылығын цифрландыруға бөлініп жатқан қыруар қаражат тиімділігін тексеріп шығуға үндеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Бүгінде қағаз жүзіндегі әдемі баяндамалардың ауылдағы жағдайға сәйкес келмейтінін аңғару қиын емес. Біз жиналған өнімнің анық көлемін, тұқымның шынайы сапасын, зиянкестер мен аурулардың таралу мөлшерін, егін себу мен жинау жұмыстарының дәл мерзімін нақты білмейміз. Ал заманауи технологиялардың енгізу бойынша кейде дамыған елдерден де "асып кетеміз", - деді Күрішбаев сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, мал шаруашылығы саласында жануарларды тіркеу көп жағдайда қағазбен жүргізіледі. Артынан деректер базасына қолмен енгізіледі. Ал жауапкершілік болмағаннан кейін көптеген қателіктерге жол беріледі. 

"Осындай бұрмаланған ақпараттар "қисық айна" әсерін тудыратынын және мемлекеттік органдардың маңызды шешімдерді қабылдауына негіз болатынын мойындау керек. Мұның соңы неге алып келеді? Ең алдымен, мемлекеттік жоспардың жасалмауына, қаражаттың дәл бөлінбеуіне әсер етеді", - деп атап көрсетті Күрішбаев. 

Сенатордың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде бюджет қаражатының игерілмеуі және оны мақсатсыз пайдалану көлемі жоспардың дұрыс жасалмағанын көрсетіп отыр. 

"Ал мал шаруашылығында жануарлар туралы мәліметтерді бұрмалау малдың ауруын жасыруға және мемлекеттік субсидияларды заңсыз алуға жол ашады. Мемлекеттен қаржылай көмек алудың белгіленген талаптарына сәйкес болу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кейбірі өтірік-шынды ақпарат қосып, кейде өтіп кеткен күнмен жануарлар туралы мәліметтерге түзетулер мен өзгерістер енгізеді", - деді Күрішбаев.

Депутаттың ойынша, бүгінде ауыл шаруашылығы саласында цифрландыру шаралары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Ал ғарыштан мониторинг жасау жүйесінің өзіне миллиардаған ақша бөлінеді.  

"Меніңше, ауыл шаруашылығын цифрландыру мәселесімен есеп комитеті мұқият айналысуы керек. Денсаулық сақтау жүйесінде осы сала бойынша біраз олқылықтар шықты ғой", - дейді Күрішбаев. 

Сенатор мал шаруашылығында жануарларды есепке алу мен ветеринарлық құжаттарды жүргізу жүйесін толығымен цифрлық форматқа көшіру қажеттігін де жеткізді. Депутаттық сауалға тағы бірнеше сенатор да қол қойды.

Жаңалықтар
0