Экономика

Министр кімдер 1 қазанға дейін салық төлемейтінін айтты

© Sputnik / Болат ШайхиновНалоговый кодекс РК
Налоговый кодекс РК - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер мен салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіру де тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов төтенше жағдайға байланысты кімдер салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Шағын және орта бизнесті еңбекақы төлеу қорынан алынатын салық және әлеуметтік төлемдерден (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар) 6 айға, осы жылдың 1 қазанына дейін босату қарастырылған", - деді Дәленов үкімет отырысында. 

Бұл шара туристік қызмет, қоғамдық тамақтану, қонақүй бизнесі салаларын, ірі сауда нысандарын, сауда ойын-сауық орталықтарын, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын, көлік қызметтерін, консультациялық қызметтер мен ақпараттық технологияларды, тамақ өнімдерін өткізу мен дәріханаларды қоспағанда, сауда субъектілерін қамтиды.  

Сонымен қатар, 1 маусымға дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салық пен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді және әлеуметтік жарналар (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, қызметкер үшін әлеуметтік және медициналық сақтандыру) кейінге қалдырылды. 

Тағы оқыңыз: Біз барлығына дайын болуымыз керек - Абаев

Бұдан басқа, төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер мен салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіру тоқтатылды. 

"Ірі сауда объектілері, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй, хостел және туристік қызмет объектілері жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылды. Салық салудың жалпы белгіленген тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейінгі мерзімде жеке табыс салығынан босатылды", - деді министр. 

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жер салығын жылдың соңына дейін төлемейді. Сондай-ақ, биологиялық активтерінің импорты жылдың соңына дейін қосылған құн салығынан босатылды. 
Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі осы жылдың 30 наурызынан 1 қазанына дейін 12%-тен 8%-ке дейін төмендетілді. 
Дәленовтің айтуынша, бұл шаралар 700 мың салық төлеушіні қамтиды.

Жаңалықтар
0