Экономика

Қазақстаннан мал шығаруға толығымен тыйым салынды

© Sputnik / Рамиль Ситдиков / Медиабанкке өтуСиыр, архивтегі сурет
Сиыр, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министрліктің мәліметінше, тірі малды жаппай экспорттау ет өнімдерінің қымбаттауына негіз болып тұр

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі тірі малды экспорттауға тыйым салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің ақпаратынша, тірі малды жаппай сыртқа шығару ет өнімдерінің қымбаттауына негіз болып тұр.

Сондай-ақ, бұл отандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесінің төмендеуіне әкеп соқты. Мәселен, былтыр ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмаған. Оған тірі мал экспортының салдарынан шикізат тапшылығы себеп болған.

"Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, министрлік алдында қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр.  Осыған байланысты, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтінішін ескеріп, ауыл шаруашылығы мен қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізілді. Аталған бұйрық тек төлдейтін малдың ғана экспортын уақытша шектейтін. Жаңа өзгерістер барлық тірі ірі қара мал мен ұсақ мүйізді малды басқа елдерге шығаруға (экспорттауға) толығымен тыйым салады", - делінген хабарламада.

Тиісті құжат жобасын салалық сараптама ұйымдары мен облыс әкімдіктері қолдап, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы оң қорытындысын берген. Сондай-ақ, сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия да мақұлдаған.

"Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде", - деп хабарлады министрліктен.

Тағы оқыңыз: Бірінші қаңтардан кімдерге кредит беруге тыйым салынды?

Бұл өзгерістер, ведомство ақпаратынша, алдағы жылдары мал басын сақтап  ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын тиімді бағадағы сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылды. Басым көпшілігі – 121,6 мың бас немесе 78%-і Өзбекстанға, 14%-і Арменияға экспортталған.

Жаңалықтар
0