Экономика

Министр Маминнен бюджетті игермеген басшыларды жауапқа тартуды сұрады

© Sputnik / Абзал КалиевПервый заместитель премьер-министра – министр финансов Казахстана Алихан Смаилов
Первый заместитель премьер-министра – министр финансов Казахстана Алихан Смаилов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бірінші вице-премьер келесі жылдың басынан бастап бюджетті уақытында игермегені үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да жауапқа тартылатынын еске салды

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов он айдың қорытындысы бойынша бюджет қаражатын игермегені үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бағдарламалар жетекшілерін жауапқа тартуды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Өкінішке қарай, бюджеттің үш рет нақтыланып, екі рет түзетілуіне қарамастан, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті жерлерде 10 айдың қортындысы бойынша қомақты сома игерілмей қалған. Сол себепті, Асқар Ұзақбайұлы (үкімет басшысы – Sputnik) бюджет қаражатының игерілмеуіне себепші болған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың тиісті бюджеттік бағдарламалар жетекшілерін жауапқа тартуды сұраймын", - деді Смайылов үкімет отырысында.

Министрдің ақпаратынша, республикалық бюджеттің шығыстары 9 триллион 565 миллиард теңгені немесе 99,2%-ті құрады.  Оның ішінде 79 миллиард теңге орындалған жоқ, 11 миллиард теңгесі үнемделген. Ал 68 миллиард теңге игерілмеген. 

"Бұл жерде нақтыланған бюджеттің өзгерістері ескерілген жоқ. Олар қараша айында көрініс табады", - деді вице-премьер.

Смайылов бюджет қаражаты ең көп игерілмеген министрліктерді атады:

  • экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 10,1 миллиард теңге;
  • білім және ғылым министрлігі – 9,3 миллиард теңге;
  • индустрия және инновациялық даму министрлігі – 7,8 миллиард теңге;
  • мәдениет және спорт министрлігі – 6,1 миллиард теңге;
  • цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 5,1 миллиард теңге.  

"Игерілмеудің негізгі себептері: мемлекеттік мекемелердің қайта ұйымдастырылуы, орындалған жұмыстар актілерінің уақтылы ұсынылмауы, шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі", - деп атап өтті министр.

Ал жергілікті бюджеттердің шығыстары 10 айдың қорытындысы бойынша 4 триллион  705 миллиард теңгені құраған. Орындалмағаны – 75 миллиард теңге. Есепті кезеңде өңірлерге 1 триллион 256 миллиард теңге нысаналы трансферт бөлінді.

"Жергілікті деңгейде олар 97,3%-ке немесе 1 триллион 222 миллиард теңгесі игерілді. Орындалмағаны – 34 миллиард теңге, оның ішінде 7 миллиард теңгесі үнемделген. 27 миллиард теңге игерілген жоқ", - деді Смайылов.  

Айтуынша, ең көп қаржы Нұр-Сұлтан қаласында игерілмеген – 6,1 миллиард теңге, Алматы қаласында – 4,9 миллиард теңге, Түркістан облысында – 3,4 миллиард теңге, Батыс Қазақстан облысында –2,9 миллиард теңге.

Осы ретте қаржы министрі жуырда парламент бюджеттік заңнамаға қатысты тиісті түзетулерді қабылдағанын еске салды. 

"Ол түзетулер бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлау және пайдалануда жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Осы заң бұзушылықтарға енді әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Бұл ретте, әкімшілік жауапкершілікке бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері ғана емес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да тартылады", - деді ол.

Жаңа норма 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді.

Жаңалықтар
0