Экономика

250 млн доллар: Әзербайжан банкіндегі зейнетақы қаржысының тағдыры не болды?

© Sputnik / Ксения ВоронинаОфис ЕНПФ в Астане
Офис ЕНПФ в Астане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының" атқарушы директоры Әзербайжан банкіне жұмсалған инвестиция туралы айтты

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан — Sputnik. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" компаниясының атқарушы директоры Мәулен Өтеғұлов Әзербайжан банкіне жасалған инвестиция туралы айтты.

"Әзербайжанның халықаралық банкінен алынған облигацияларға қатысты сауал жиі түседі. Салымшылар Әзербайжанның банкіне берілген қаражат елге қайтарылмады дегенді айтады. Алайда бұл шындыққа жанаспайды ", - деп жазды Өтеғұлов өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Ол оқиғаның мән-жайын түсіндіріп берді.

2014 жылдың қазан айында "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының" зейнетақы активтері есебінен Әзербайжанның халықаралық банкінен құнды қағаз сатып алынды. Жалпы сомасы – 250 миллион доллар. 2017 жылдың мамыр айында бұл банктің банкрот болғаны белгілі болды. Тиісті өтініш Нью-Йорк сотына жіберілген. Кейін банктің қайта құрылды. 

Тағы оқыңыз: Әзербайжан банкі БЖЗҚ ақшасын түгел қайтара ма?

Бұдан соң  банктің бұл облигациялары Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына айырбасталды.

"Бұл Әзербайжан халықаралық банкінің БЖЗҚ алдындағы міндеттемелерін Әзербайжанның үкіметі өзіне алды деген сөз", - деп жазады Өтеғұлов.

2019 жылдың ақпан-сәуір айларында Әзербайжан үкіметінің барлық қалған облигациясы сатылды.

Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, облигацияларды Әзербайжан банкінен алғаннан бастап Әзербайжан үкіметі сатқанға дейін таза ішкі табыс мөлшерлемесі 4% (валютада) болған.

"Бұл мөлшерлеме қазақстандық банктердегі долларлық депозит (жылдық мөлшерлеме 1 %)  түсімінен төрт есеге көп. Демек бұл банкке қатысты оқиға қазақстандық салымшылар үшін жақсы аяқталды деп айтуға болады", - деді Өтеғұлов.

Еске сала кетсек, 2018 жылы жазда зейнетақы қорында үлкен дау-дамай шықты. Салымшылардың 71,6 миллиард теңгесі Әзербайжанның банкрот болған халықаралық банкіне инвестицияланғаны мәлім болды. Бұл оқиғадан кейін қордағы миллиардтаған қаржының сақталуына қоғам алаңдаушылық білдірді. Ал кейбір экономистер мұндай ақылға қонымсыз шешімге таңданысын жасырмады.

Жаңалықтар
0