Экономика

Бірнеше пәтері бар 20 мыңнан астам адам салық төлемеген

© Sputnik / Кирилл Каллиников / Медиабанкке өтуПәтер, архивтегі фото
Пәтер, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Олардың арасында оннан астам пәтерге иелік ететін 150 тұлға бар

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым — Sputnik. Еліміздің мемлекеттік кірістер комитеті көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жүргізу мақсатында пәтерді заңсыз жалға берушілерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлады Елорда Инфо.

Комитет көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шеңберінде пәтерді заңсыз жалға берушілерді анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

Тағы оқыңыз: Елімізде пәтерді заңсыз жалға беретіндердің басына қара бұлт үйірілді

"Ол үшін ведомство қызметкерлері әртүрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері мен басқа ақпарат көздерін пайдалануда. Бұл дегеніміз ПИК-тің мәліметі, белсенді азаматтар немесе көршілерден түскен ақпарат болуы мүмкін. Біздің алдын ала жасаған қорытындымыз бойынша, қазіргі уақытта 3 және одан да көп пәтерге меншік құқығы бар, алайда дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген және тиісті салықтар төлемеген 20 мыңнан астам тұлға анықталып отыр", - деді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Әнуар Сүлейменов.

Оның айтуынша, олардың арасында 10-нан астам пәтерге меншік құқығы бар 150 тұлға бар, сол сияқты бір тұрғын үй кешенінде бірнеше пәтерді иеленгендер бар. Жоғарыда келтірілген деректерге егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, қашықтықтан мониторинг жасау арқылы анықталды.

"2019 жылдың 5 ай ішінде жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша дара кәсіпкер ретінде 7 403 жеке тұлға тіркелді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 22%-ға артық немесе 1320 жеке тұлғаға көп. Салықтық түсім сомасы 37 %-ға өсіп, 7 252,1 миллион теңгені құрайды немесе 1 951,3 миллион теңгеге артық", - дейді ол.

Сондай-ақ , комитет өкілі жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да дара кәсіпкер ретінде тіркелместен жылжымайтын мүлікті жалға беруге құқығы бар екенін айтып өтті.

"Өткен жылдың басынан бастап патент негізіндегі салық режимін қолданатын дербес кәсіпкер үшін салық мөлшерлемесі, атап айтқанда, пәтерді жалға берушілер үшін 2%-дан 1% -ға дейін төмендеді. Бюджетті есептеудің мұндай схемасы жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын және табысы жылына 3 528 АЕК-тен аспайтын жеке тұлғалар үшін қолжетімді. Мәселен, егер жалға беруден түсетін табыс айына 100 000 теңгені құраса, тиісінше, салық сомасы 1000 теңгені құрайды. Яғни дербес кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ бастысы тиісті салықты төлесе болғаны", - деді Ә.Сүлейменов.

Жаңалықтар
0