Экономика

Цеснабанк атауын өзгертіп, Жусан банк болды

© REUTERS / Mariya GordeyevaЦеснабанк
Цеснабанк - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Банк атауы өзгерсе де, қолданыстағы карта мен келісімшарттарды алмастырудың керегі жоқ

АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik. Қазақстандағы ірі банктің бірі – Цеснабанк атауын өзгертіп, Жусан банк болды. Банктің жаңа толық атауы - First Heartland Jýsan Bank.

Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, банк атауын өзгерту жаңа стратегиялық бизнес жоспарды құру кезінде қабылданған. Енді жылдың соңына дейін сыртқы жарнамадағы элементтер өзгертіліп, Jýsan Bank логотипі жаңа банк өнімдеріне енгізілмек. Банк атауындағы өзгерістің тұтынушыларға еш қатысы жоқ, қолданыстағы карта мен келісімшарттар заңдық күшін сақтап, оларды алмастырудың керегі болмайды.

Тағы оқыңыз: Депутаттар банк картасы бойынша комиссияны азайтуды сұрады

Неге Жусан банк?

Банк басқармасының төрағасы Бекжан Пирматовтың айтуынша, латын қаріпіндегі банктің қазақша жаңа атауы біздің еліміздің біртұтастығы мен дамуын білдіреді.

"Көктемдегі жусан иісі – Ұлы даланың жаңарып, қайта дүниеге келуінің символы. Бұл өткен, қазіргі және болашақ кезеңімізді байланыстыратын біздің Отанымыздың иісі десек те болады", - дейді Пирматов.

Сондай-ақ ол банк басшылығының банкті толықтай сауықтыруға қол жеткізгенін де ерекше атап өтті.

Jýsan Bank - 1 сәуірдегі жағдай бойынша 680 миллиард теңге (1 долларды 380 теңге деп есептегенде, шамамен 1,8 миллиард доллар) немесе нарықтағы барлық активтің 70%-і тиесілі, нарықтағы активтерінің өтімділігі жоғары үш көшбасшы банктің бірі.

Тағы оқыңыз: Ұлттық банктің жаңа төрағасы мәлімдеме жасады

Цеснабанк атауының шығу тегі

Бұрын Цеснабанктің басты акционері "Цесна" қаржы холдингі болған. Оның атауы кеңес заманында қалыптасқан, яғни "Целиноград Снаб" дегеннен қысқартып алынған. 2018 жылдың қыркүйегінде корпорация директорлары кеңесінің төрағасы боп Әділбек Жақсыбеков тағайындалды. Кейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жақсыбековті ҚР президенті әкімшілігі жетекшісі қызметінен босатқан.

Цеснабанк басшысы кім?

Ал биыл ақпан айында "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектебі" – First Heartland Securities сынды автономды білім ұйымының тобы "Цеснабанк" АҚ-тың 99,5% қарапайым акциясын сатып алған болатын. Осылайша Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу "Цеснабанк" АҚ директорлар кеңесінің басшысы болып тағайындалған.

Тағы оқыңыз: Қазақстандағы банктердің бірі жабылды

Жаңалықтар
0