НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Астанада үш инфекциялық стационар жабылды. Келесі аптада тағы екеуі жұмысын тоқтатады. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде елордамыз коронавирусты жұқтыру көрсеткіші бойынша әлі де "қызыл" аймақта тұр. Дегенмен, эпидемиологиялық жағдайдың біршама жақсарғаны байқалады. Мәселен, стационарларға түсетін науқастардың саны азайды. Тамыздың басында 320 адам түссе, қазір 120 науқас түседі", - деді Рүстемова әкімдікте өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде инфекциялық стационарларда 1 484 науқас емделіп жатыр. Төсек-орынның 40 проценті толық. Тамыздың басында бұл көрсеткіш екі есеге артық болған.
Қазіргі кезде жансақтау бөлімінде жатқан науқастар да азайып отыр. 33 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
"Коронавирустық инфекцины жұқтыру көрсеткішінің төмендеуіне байланысты қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жазда инфекциялық госпиталь ретінде ашылған стационарларды жабуға шешім қабылдады. Осылайша, соңғы екі күннің ішінде біз үш ковидтік стационарды жаптық", - деп атап өтті Рүстемова.
Оқи отырыңыз: Қытайлар коронавирустың пайда болуына қатысты тағы бір болжам жасады
Басқарма басшысының міндетін атқарушы келесі аптада тағы екі ауруханада инфекциялық стационарлардың жабылатынын мәлімдеді. Соның ішінде №3 көпбейінді аурухана мен ұлттық травмоталогия орталығы бар. Барлығы 500-ге жуық инфекциялық төсек-орынды алып тастайды.
"Бірақ эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанына қарамастан, вирустың ешқайда кетпегенін ескеру керек. Инфекцияны жұқтыру көрсеткіші тағы өсіп кетпесін десек, барлық сақтық шараларын сақтауымыз қажет", - дейді Рүстемова.