НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек — Sputnik. Миды тезірек "іске қосу" үшін таңғы асқа қандай тағам жеген дұрыс екені туралы диетолог дәрігер Елена Соломатина Sputnik радиосына берген сұхбатында айтты.
Медицина ғылымдарының кандидаты Соломатина дұрыс таңдалған таңғы ас арқылы жүйке жүйесін дұрыс жұмыс істеуге дағдыландыруға болады деп отыр.
"Таңғы асқа В тобына жататын дәрумендерді жеу керек. Ол тұтас дәнді және қарабидай нанында, сондай-ақ тұтас дәнді ботқа құрамында бар. Бұл витаминдер барлық жүйке жүйесі үшін "допинг" қызметін атқарады. Себебі В тобындағы дәрумендерсіз метаболизмдік процестер іске қосылмайды. Сондықтан бұл балалар үшін де, ересектер үшін же таңғы астың ажырамас бөлігіне айналуы керек", - деді диетолог дәрігер.
Сонымен қатар ол таңғы асқа тұрақты түрде жұмыртқа жеуге кеңес берді. Ол миды "сілкіп", дұрыс шешімді жылдам қабылдауға ықпал етеді.
"Мидың когнитивті жұмысына оң әсер ететін азық-түлік түрі бар. Бірінші кезекте бұл – жұмыртқа, әсіресе, оның саруызы", - деп түсіндірді маман.
Оның айтуынша, саруыз құрамында холин – ацетилхолиннің алдыңғы көрінісі бар. Ацетилхолин – нейрондар арасындағы сигналды қамтамасыз ететін нейромедиатор.
"Ол біздің ойымыз бен сөзіміздің арасындағы байланысқа жауап береді. Қажетті сөзді тауып, тиісті анықтаманы еске түсіруге көмектеседі. Сондықтан таңғы асқа жұмыртқа жеген өте дұрыс", - деп кеңес берді Елена Соломатина.