АЛМАТЫ, 31 тамыз – Sputnik. Америкалық кардиология қауымдастығының Circulation журналында күнделікті жаңғақ жеудің пайдасы туралы мақала жарияланды, деп хабарлайды РИА Новости.
Грек жаңғағы – омега-3 қанықпаған май қышқылдарының класына жататын альфа-линолен қышқылына бай өнім.
Зерттеулер жаңғақтың кез келген түрін, оның ішінде грек жаңғағын жейтін адамдарда жүрек аурулары мен инсульт сирек кездесетінін көрсетті.
АҚШ пен Испания зерттеушілері мұның себебін анықтады. Олардың сөзінше, жаңғақ тығыздығы төмен липопротеид холестеринін төмендетіп қана қоймайды, сонымен қатар оның мөлшерін оң өзгертеді.
Зерттеуге 63 пен 79 жас аралығындағы 708 адам қатысқан. Олар – Испанияның Барселона және АҚШ-тың Лома-Линда қаласында тұратын денсаулығы жақсы адамдар. Зерттеу жаңғақтың қартаюға қалай әсер ететінін бақылауға арналды.
Қатысушылар жұмыс және бақылаушы тобына бөлінді. Бірінші топ екі жыл бойы күн сайын жарты кесе жаңғақ жеген. Екі топтың қатысушылары холестерин деңгейін, сондай-ақ липопротеиндердің шоғырлануы мен мөлшерін тексерген.
Мұндай кеңейтілген тест ғалымдарға жүрек-тамыр аурулары даму қаупінің жоғарылауына байланысты липопротеиндердің сипаттамасын дәлірек анықтауға мүмкіндік берді.
Екі жылдан кейін жұмыс тобының қатысушыларында жалпы холестерин деңгейі орта есеппен 8,5 процентке, төмен тығыздықтағы липопротеид құрамы орта есеппен 4,3 процентке, ал зиянды ұсақ төмен тығыздықтағы липопротеид бөлшектері 6,1 процентке төмендеді.
Сонымен қатар зерттеуге қатысқандар арасында артық салмақ қосқандар тіркелген жоқ. Соған байланысты жаңғақ құрамындағы пайдалы майлар салмақ қосуға әсер етпейтіні анықталды.