АЛМАТЫ, 29 шілде – Sputnik. Бір адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрін салдыруға болмайды. Себебі әр вакцинаның құрамы әртүрлі. Бұл туралы Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Вакцинаның бір түрін салдырған адам екінші рет басқа вакцина салдыруына болмайды. Себебі антиденелер басқаша болады. Вакциналардың құрамы да әртүрлі. Мұны ескеру қажет. Вакцина арқылы қалыптасқан антиденелер бірдей болса, ағзаға жақсы әсер етеді", - деді Жандарбек Бекшин.
Айта кетері, Алматыда бірінші ақпаннан бастап вакцинаның бірінші компонентін 698 418 адам салдырды.
Қазір мегаполистің медициналық ұйымдары, мектеп, мәдениет, спорт объектілері, базар және сауда ойын-сауық орталықтарында 212 вакцинация пункті жұмыс істейді.
Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 15 маусымда басталған коронавирус инфекциясының төртінші кезеңіне байланысты эпидемиологиялық жағдай күрделеніп жатқанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, бұл кезең "дельта" штамымен байланысты. Тамызда төртінші толқын шарықтап, қыркүйектің басында ауру жұқтырғандар саны азаяды деген болжам жасалып отыр.