НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Ішкі істер министрлігі алаяқтар жалған ПТР-анықтама мен вакцина паспортын сатып алғысы келетін қазақстандықтарды қалай алдайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ІІМ ақпаратынша, полиция әлеуметтік желілер мен жарнама сайттарынан жалған вакцина паспортын сату туралы 46 хабарландыру тапқан. Сондай-ақ оң және теріс ПТР-тест нәтижелері бар бланкілер де сатылатыны айтылған.
Осы ресурстарда Ресей, Украина, Үндістан мен АҚШ аумағында медициналық анықтамалар мен вакцинация сертификаттарын сату туралы хабарландырулар да таралған.
"Алаяқтар ақшаны клиенттерден күні бұрын алып отырған. Алдымен, вакциналаудың 1-ші кезеңінен өткенін "растау" үшін мемлекеттік органдардың ресми ресурсына жатпайтын бөгде поштадан хабарлама жібереді. Осыдан кейін екінші кезең үшін ақша алады. Кейін хабар-ошарсыз кетеді", - деді ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек брифингте.
Бірқатар хабарландыруды талдау кезінде алаяқтар шетелдік банктердің картасын, ал "сатушылар" жиі ауыстыратын виртуалды телефон нөмірлерін пайдаланғаны анықталды.
"Алаяқтарға алданған адамдар құқық қорғау органдарына шағымдандайды. Өйткені жалған құжат сатып алу арқылы өздері де заң бұзуға тырысқан", - деді ол.
Мониторинг барысында анықталған шетелдік ресурстар бұғаттау үшін өкілетті органға жіберілді.
ІІМ жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделгенін еске салады.