Денсаулық

Балалар арасында "дельта" штамын жұқтыру бес есе өсті - иммунолог

© Sputnik / Владислав Воднев Мальчик на самокате
 Мальчик на самокате - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.07.2021
Жазылу
Мамандардың айтуынша, коронавирус "жасарды", бірақ әзірге балалардың жаңа штаммен қаншалықты ауыр сырқаттанатыны белгісіз

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Балалар арасында "дельта" штамын жұқтыру бес есе өскен. Бұл туралы профессор-иммунолог, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман айтты. 

"Балалар арасында "дельта" штамын жұқтыру бес есе өсті. Демек COVID-19 "жасарып" келеді. Алайда балаларда дерттің қаншалықты ауыр өтетіні әлі белгісіз. Ересектерге келер болсақ, жаңа штамды көбінесе вакцина алмаған азаматтар жұқтырып жатыр. Вакцина коронавируске қарсы күресте жалғыз тиімді құрал болып қалуда. "Дельта" штамы туындатқан эпидемияның жаңа толқыны вакцина алғандар мен алмағандардың өмір сапасына үлкен өзгеріс әкелді. Вакцина алғандар иммундық жүйесі жаңа штамнан қандай да бір деңгейде қорғайды деген сеніммен өмір сүреді. Ал вакцина алмағандар вирустың қауіпті және жұқтыру ықтималдығы жоғары екенін ескеріп, үлкен қатердің алдында тұрғанын түсінуге тиіс", - деді Алмаз Шарман.

Елордада коронавирус инфекциясы өршіп тұр. Мамандар мұны коронавирустың өзге мутацияларымен салыстырғанда анағұрлым жылдам таралатын "дельта" штамымен байланыстырады. Сарапшылардың пікірінше, әлемде вакциналау қарқынды жүргізіліп жатқандықтан вирус жаңа ортада өміршеңдігін ұзарту үшін мутацияға ұшырауда. Қазір таралып жатқан коронавирустің "дельта" штамының жұқтыру ықтималдығы 60 пайызға жоғары, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайты. 

Шарман вируспен күрестің жалғыз жолы вакциналау екенін атап өтті. Бүгінгі күні әлемде вакцинаның 3 миллиард дозасы егілген. Бұл 100 адамға шаққанда 39 дозадан келеді. Вакцина салдырғандардың басым көпшілігі - АҚШ, Израиль мен Еуропа елдері. Қазақстан халқының тек 17%-і ғана екпенің бірінші компонентін алған. 

"Вакциналау көрсеткіші төмен жағдайда эпидемияға қарсы шектеу шараларын бәсеңдету вирустың өршіп, халықтың осал топтары арасында өлім-жітімнің өсуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан халықтың көп бөлігін вакциналау маңызды. Өйткені біз уақыт жоғалтқан сайын вирус мутацияланып, қауіпті бола түсуде", - деп атап өтті иммунолог.

Қазақстан медицина университетінің эпидемиология және дәлелді медицина кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев осы пікірмен келісіп отыр.

"Вирустар жиі мутацияға ұшырап отырады. Ол тіршілігін жалғастыру үшін ортаға бейімделуі керек. Өкінішке қарай вирус ортаға жылдам бейімделеді. Әр жаңа мутация оның күшейгендігінің белгісі. Оның мақсаты - жылдам жұғу мен ауру ағымын ауырлату. Бұл фактіні ескерсек, вакцина бізге берілген үлкен бонус. Вакцина алған адамның иммундық жүйесі вируспен күресуге қауқарлы. Егер адам коронавируспен ауырып шығып, антидене мені қорғайды деген пікірде болса ол лоторея ойнағанмен бірдей. Оның жағдайында ауру жеңіл формада да, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылу арқылы да өтуі, тіпті өліп кетуі де мүмкін", - дейді ол.

Сонымен қатар мамандар коронавируспен ауырған адамның неліктен үш айдан кейін вакцина алуы тиіс екендігін түсіндірді.

"Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, ауырып шыққан адамдарды үш айдан кейін вакциналау ұсынылды. Мұндай шешім ауырып шыққандар арасында 3-6 айдан кейін вирусты қайта жұқтыру фактілерінің тіркелуімен байланысты. Біз онсыз да әлсіреп қалған ағзаның қайтадан вирус жұқтырып алуына жол бермеуіміз керек. Өйткені вирусты қайта жұқтырудың салдары ауыр болады", - деді денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.

Жаңалықтар
0