АЛМАТЫ, 27 мамыр – Sputnik. Алматыда коронавирус жұқтырып, ауруханаға жатқандар саны азайып келеді. Бұл туралы брифинг кезінде Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Кейінгі күндері науқастар саны азайып жатқанына қуанып, жағдай тұрақталып келе жатыр деп есептейміз. Ауруханаға жатқызылған науқастарды салыстырмалы түрде қарастырсақ, үйде емделіп жатқан науқастар саны сәуірде 7200 болса, қазір 1700-ге жетті. Яғни, 5 жарым есе азайды. Сәуірде, наурыздың соңында үшінші толқын келген кезде тәулігіне 450-470 науқас ауруханаға жатқызылды, ал қазір соңғы тәулікте 97 адам ауруханаға түсті. Бұл – қуантатын жағдай", - деді Табынбаев.
Айтуынша, наурызда аптасына үш мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылды. Алайда мұндай жағдайға алдын ала дайындық жүргізілгендіктен, орын тапшылығы білінбеді.
"Жағдай дұрысталды. Бұған алматылықтардың медициналық маска тағып, тойға баруды, қоғамдық орынға баруды азайтуы, санитарлық-гигиеналық тәртіпті сақтауы мен вакциналаудың әсері бар деп отырмыз", - деді басқарма басшысы.
"Қазір үш түрлі сценарийға дайынбыз. Егер науқастар саны көбейсе, резервте 7011 төсек-орын дайын тұр. Бірте-бірте төсек-орынды босатып, әрбір мекеме өзі бейімделген жұмысына ауысуға дайындалып жатырмыз. Резерв жеткілікті. Тағы бір толқын келіп жатса, денсаулық сақтау басқармасы толық дайын", - деді Табынбаев.
Ауру жұқтырғандар саны азайды
Ал қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қалада 40-59 жастағы азаматтардың арасында ауру жұқтыру деңгейі 1,1%-ке және 60 жастан асқандар арасында ауру 0,9%-ке төмендеді.
Оқи отырыңыз: Министр Цой коронавирусқа қатысты жаңа болжамды бөлісті
"Мамырдың соңғы аптасында эпидемиологиялық ахуал тұрақталды, сәуірдегі 700 жағдайдан өткен тәулікте 290-300 жағдайға дейін төмендеді. Тәуліктік өсім айдың басындағы жағдайдан 1,2%-тен 0,4%-ке дейін 3 есе төмендеді, ал сырқаттану деңгейі соңғы бір аптада күнде 7,7%-ке төмендеді", - деді қаланың бас санитар дәрігері. Сондай-ақ Жандарбек Бекшин қандай жағдайда қалыпты өмірге оралуға болатынын айтты. "Егер барлық карантиндік шектеулерді ұстанып, сондай-ақ вакцина салдырып, халықтың 70%-інде ұжымдық иммунитетке қол жеткізсек, онда барлық шектеулерді алып тастаймыз. Мысалы, Израильге қарап вакцинацияның қаншалықты тиімді екенін көруге болады. Онда халықтың 78%-і вакцина салдырды, адамдар бұрынғы өміріне оралды", - деді Бекшин.
Айта кетейік, 25 мамырдағы жағдай бойынша Алматыда 293 928 азамат вакцина салдырды.