Денсаулық

Жүрек айну: себептері мен емдеу жолдары

CC0 / Robin Higgins / Девушка
Девушка - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.05.2021
Жазылу
Жүрек айну – бұл кеуде тұсындағы жағымсыз сезім, асқазандағы және ауыз қуысындағы ауырсыну. Жүрек айныған кезде ауызда сілекей көптеп бөлініп, жұтыну сезімі жиілейді

Жүрек айну себептері

Жүрек айну қандай да бір аурудың белгісі болуы мүмкін. Бірақ кей кезде ол дені сау адамда да кездеседі. Бұл жағымсыз күй әйел адамдарда жиі болды. Бірақ ер адамдарда да өзіндік қауіп факторы бар.

Аурумен байланысы жоқ жүрек айну себептеріне мыналар жатады:

  • Тамақты шамадан тыс көп жеу немесе майлы тамақ жеу. Бұл ағзаның "ауыр" тамақты қорыта алмауына байланысты туындайды;
  • Психогенді реакциялар: күйзеліс, невроз, абыржу. Психогенді жүрек айну кезінде бастан өткізген сезімді еске түсіру немесе жағымсыз иіс сезу немесе көру жеткілікті;
  • Шайқалу синдромы немесе теңіз ауруы. Бұл қозғалыс кезінде вестибулярлы аппараттың рецепторлары тітіркенуімен байланысты;
  • Жүктілік. Жүктілік кезіндегі жүрек айну – токсикоз пайда болуының алғашқы белгілерінің бірі. Таңғы жүрек айну көп жағдайда 6-7 аптада туындаса, токсикоз 12-13 аптада тоқтайды;
  • Химиялық заттардың токсинді булары, түтін және т.б. әсері;
  • Дәрілік заттардың жанама әсері. Кейбір дәрілік заттарға қатысты ағзаның жағымсыз әсер беруі кезінде де жүрек айнуы мүмкін. Мысалы, антибиотиктер, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар, кортикостероидтар және т.б.;
  • Күн өту.
  • Дене температурасының көтерілуі.

Жүрек айну асқазан-ішек жолдарының бірқатар ауруларының белгісі бола алады. Оларға мыналар жатады:

  • Шұғыл хирургиялық араласуды қажет ететін аурулар: ауыр панкреатит, аппендицит, ішек тарылуы, перитонит;
  • Асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары: гастрит, энтерит, колит, гастроэзофагеаль-рефлюксті ауру, ойық жаралы колит, асқазан және аш ішек ойық жарасы, тітіркенген ішек синдромы, созылмалы холецистит;
  • Ішек инфекциялары - сальмонеллез, дизентерия, энтеровирусты, ротавирусты инфекциялар, гельминтоздар, тағамдық улы инфекция және т.б.
  • Бауыр ауруы – гепатит, цирроз;
  • Асқазандағы бөтен дене;
  • Тамақ аллергиясы.

Басқа органдар мен жүйелердің аурулары кезінде де адамның жүрегі айнуы мүмкін:

  • Бассүйек-ми жарақаты, бас миы қатерлі ісігі, энцефалит, менингит, инсульт және т.б.;
  • Ішкі құлақ аурулары: лабиринтит, Меньера ауруы;
  • Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары: миокард инфаркты, гипертония;
  • Эндокриндік жүйе аурулары: фенилкетонурия (амин қышқылы метаболизмінің бұзылуы), диабетті кетоацидоз (қанда ацетон жиналатын көмірсулар метаболизмінің бұзылуы), тиреотоксикоз (қалқанша без гормондарының шамадан тыс көп болуы);
  • Бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі;
  • Бас ауруы;
  • Химиотерапия қолдану кезінде.

Жүрек айнуды емдеу

Жиі жағдайда жүрек айну қандай да бір аурудың белгісі болатындықтан, оның туындау себебін жою керек. Егер ол себеп аурумен байланысты болмаса, онда зиянды факторлардан арылу керек.

Дәрі-дәрмек

Жүрек айнуды туындатқан себептерге байланысты түрлі дәрілік препараттар қолданылуы мүмкін. Мысалы:

  • Шайқалу немесе теңіз ауруы кезінде – Драмина антигистаминдік препараты;
  • Асқазан-ішек жолдарының жұмысымен байланысты жүрек айнуы кезінде – Мотилиум, Церукал. Бұл препараттар асқазан мен ішек моторикасын жақсартып, тамақтың жылдам шығуына ықпал етеді;
  • Неврогенді жүрек айну кезінде – тыныштандырғыш құралдар (шүйгіншөп, сасықшөп тұнбалары), транквилизаторлар.

Жүрек айну мен құсу кезінде сұйықтықты көптеп ішу маңызды. Себебі ағза жоғалтқан сұйықтықтың орнын толтырып, су мен электролиттер теңгерімін қалпына келтіру керек.

Халық емі

Минералды су жүрек айнуды басады. Мысалы, Боржоми, Нарзан, Ессентуки, Джермук, сондай-ақ лимон қосылған шай ішуге болады. Сонымен қатар 1 стақан суға ерітілген 1 шай қасық ас содасы да лоқсуды баса алады.

Жүрек айнуды басуға арналған халық емі арасында аскөк қайнатпасын, картоп шырынын, райхангүл жапырақтарының тұнбасы секілді амалдар бар.

Профилактика

Жүрек айнудың профилактикасының негізін оның себептерінің көзін жою құрайды. Профилактиканың белгілі бір қағидаларын сақтау керек:

  • Жүктілік кезінде көбірек таза ауада серуендеу;
  • Тамақты жиі және аз мөлшерде жеу;
  • Майлы және қуырылған тағамдардан бас тарту;
  • Сұйықтықты көптеп ішу.

Жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

Жүрек айну несімен қауіпті?

Жүрек айну кезінде эпигастрия аумағында қысым мен ауыздағы жағымсыз сезім пайда болады. Сонымен қатар адам боп-боз болып, басы айналуы, артериалық қысымы төмендеп, бойында әлсіздік туындауы, аузында сілекей шұбыруы мүмкін.

Асқазан-ішек жолдарының ауыр немесе созылмалы ауруы кезінде де жүрек айнуы мүмкін. Кейде дені сау адамдарда да лоқсу пайда болады. Бұл көбіне жағымсыз иістен немесе көріністен туындайды.

Жүрек айнуының себептерін анықтау үшін дәрігерге қаралу керек.

Қай кезде дәрігер шақыру керек?

Жүрек айнумен қатар адам жиі құсып, қатты басы айналса, міндетті түрде үйге дәрігер шақыру керек.

Жүрек айнуға қарсы халық емін қолануға бола ма?

Халық емін өз бетінше қолданбаған дұрыс. Жүрек айнудың себебін анықтап алу керек. Сәйкес ем шараларын дәрігер тағайындайды.

Жаңалықтар
0