Денсаулық

Кофені күніне неше рет ішуге болады – дәрігер кеңесі

CC0 / / Бариста с чашкой кофе, иллюстративное фото
Бариста с чашкой кофе, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2021
Жазылу
Ғалымдардың пікірінше күніне шамамен 400 миллиграмм кофе ішкен дұрыс

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр — Sputnik. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Заурбек Шугушев кофенің жүрек-қан тамыр жүйесіне қалай әсер ететінін айтты. Сондай-ақ, маман жоғары қысымы бар адамдарға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.  

Кардиологтың айтуынша, гипертония, яғни, қан қысымы жоғары адамдарға кофе ішуге болады. Оның кері әсері болса да, ұзақ уақытқа созылмайды.

"Кофе, шынымен де, қан қысымын көтеріп жібереді. Алайда оның әсері өте қысқа, ары кетсе, жарты сағат қана. Сосын қан қысымы әдетте қатты көтерілмейді. 10-15-ке дейін, максимум сынап бағанасының 20 миллиметріне дейін барады", - деді Шугушев Sputnik радиосына берген сұхбатында.

Дәрігердің сөзіне қарағанда, кофе жүрек-қан тамыр жүйесіне оң әсер етеді.

"Жалпы, кофені тұтыну мәселесі медицина жағынан жан-жақты зерделенген. Мамандар осы сусынның жүрек-қан тамыр жүйесінің асқыну қаупін төмендететінін дәлелдеді. Ал қан қысымы жоғары болса, бұл – басты мәселелердің бірі. Өйткені адамдар жоғары қан қысымынан емес, оның асқынуынан қайтыс болып жатады", - деп атап көрсетті Шугушев.

Оқи отырыңыз: Дәрігер карантин кезінде адам ағзасына ең зиян сусын түрлерін атады

Осы орайда кардиолог зерттеулердің нәтижесі табиғи және жаңадан үгітілген кофеге қатысты екенін ерекше атап өтті. Оның құрамына баса назар аударып, күнделікті мөлшерін асырмау қажет.  

"Біріншіден, қандай кофе ішіп жүргеніңізге мән берген жөн. Оның пайдасы ерігіш кофеде емес, жаңадан үгітілген кофеде екенін ұмытпаңыз. Себебі жаңадан үгітілген кофенің құрамы белгілі. Ал ерігіш кофеге қандай ингредиентті қосады, оны бәрі бірдей түсіне бермейді. Екіншіден, кофенің мөлшерін реттеп отыру қажет. Әрине, күніне 20 шыныаяқ кофе ішсе, жақсы нәтиже шықпайды. Ғалымдар нақты шектеуді анықтаған. Ол – күніне жаңадан үгітілген кофенің екі-үш шыныаяғы", - деп атап көрсетті кардиолог.

Ғалымдардың айтқан мөлшері ол, шамамен, 400 миллиграмм. Ал дәрігерлер адамның салмағына қарай күніне 50-180 миллиграмм кофе ішуге кеңес беріп отыр.

Сондай-ақ, кардиолог кофеге қосылған сүттің жүрек-қан тамыр жүйесіне қатты әсер етпейтінін жеткізді. Ал 65 жастан асқан адамдарға кофені сүтпен ішкен дұрыс. Әйтпесе, остеопороз болады.

"65 жастан кейін кофе ішсе, сүйектегі кальций сыртқа шығып кетеді. Демек, остеопороздың қаупі туындайды. Сондықтан 65 жастан кейін кофеге құмар адамдарға осы сусынды сүтпен ішуге кеңес беріп жатады. Сүт кейбір заттардың әсерін тоқтатады", - деп атап көрсетті Шугушев.

Жаңалықтар
0