Денсаулық

Көктамыр аурулары және оларды емдеу жолдары

© Photo : Рixabay/MabelAmberВены на руках, иллюстративное фото
Вены на руках, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.05.2021
Жазылу
Біз көктамыр ауруы жайлы сөз қозғасақ, көп жағдайда мұны варикоз деп түсінеміз. Алайда көктамыр ауруының түрі әлдеқайда көп. Көктамыр ауруының түрлері, оларды емдеу жолдары және аяқтың сау болуы үшін дерттің алдын алу тәсілдері жайлы оқи отырыңыз

Көктамыр ауруының түрлері

Варикоз ауруы

Варикоз ауруы – ерлер мен әйелдерде де жиі кездесетін көктамыр және қан тамырдың кең таралған ауруы. Варикоз кезінде көктамыр қабырғасы жұқарып, қан айналымының бұзылуы салдарынан көктамыр кеңейеді. Көктамырлы қабықшалардың тонусы жоғалып, соның салдарынан көктамыр жолы кеңейіп, көктамыр қақпақшасы деформацияланады.

"Варикоз – көктамырдағы қақпақшаның жұмыс істеу дәрменсіздігі және қан айналымының бұзылуынан аяқтағы көктамырдың кеңеюі. Тіндерден жүрекке қарай қан жүретін қан тамыр қабырғалары кеңейеді, деформацияланады және өз жұмысын дұрыс орындай алмайды. Көп жағдайда варикозды кеңею аяқтағы сыртқы жұқа көктамырға зиян келтіреді. Қалыпты жағдайда қан көктамыр арқылы жоғары қарай, яғни жүрек пен өкпеге қарай жылыстайды. Алайда ауырлық күшіне сәйкес сұйықтықтың барлығы төмен қарай ағатыны белгілі.

Адам ағзасындағы қанның төмен емес, жоғары қарай қозғалуы үшін осы тәртіпті реттеп тұратын көктамырдағы қақпақшалар бар. Олар қан жылыстауына қарай ашылып, оның кері кетпеуі үшін қайта жабылып отырады. Қақпақшалар дұрыс жабылмаса, қан бәрібір көктамыр арқылы төмен қарай ағады да, қан жолына бұл қан сыймай кетеді. Сондықтан қан тамырлары кеңейіп, тері астына дөңкиіп шыға бастайды. Мұнда проблема оның сырт көзге сұрықсыздығында ғана емес, бұл адам өміріне қауіпті", - дейді қан тамыр хирургы, флеболог дәрігер Денис Ибрагимов.

Варикоз көбіне ұзақ уақыт бойы отырып жұмыс істейтін немесе екі аяғы тыным таппай үнемі жүгірісте жүретін, гипертониктер, қант диабетіне шалдыққан, жалпақтабан ауруы бар, омыртқасына зақым келген, гормоналды препарат қабылдайтын әйелдер, жүкті әйелдерде пайда болады.

Флебит

Флебит – көп жағдайда аяқтағы үстіңгі көктамыр қабырғаларының қабынуы. Қабыну салдарынан қан айналымы бұзылып, қанның ұюы туындауы мүмкін. Егер бұл ауруды дер кезінде емдемесе, онда ол созылмалы формаға айналуы, кейін тереңде жатқан көктамырға зиян келетін тромбофлебит ауруына алып келуі мүмкін.

Дәрігерлердің айтуынша, көктамырдың варикоз ауруының асқынуы, абсцесстің асқынуы, инфекция, көктамырдың күюі флебиттің туындауына себеп бола алады. Флебит кезінде адам ауырсыну сезінеді, зақымдалған көктамыр айналасы қызарады және ісінеді, адамның дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болуы мүмкін.

Тромбофлебит

Терең тамырлардағы тромбофлебит – бұл көктамыр қабығының қабынуы салдарынан қанның ұйып қалуы. Тромбофлебит себептері: көктамырдың ішкі қабығының  зақымдалуы, көктамыр жанындағы тіндердегі қабыну процесі, қан ұюының бұзылуы, сондай-ақ көктамыр варикозы ауруының асқынуы.

Тромбофлебит егде жастағы әйел адамдарда жиі кездеседі. Ол ауырсынуға, ісікке, дене қызуының көтерілуіне, ауру туындаған жердің көгеруіне алып келеді.

Көктамыр жетіспеушілігі

Көктамыр жетіспеушілігі – бұл генетикалық тұқым қуалаушылық немесе аз қимылдайтын өмір сүру режимінің салдарынан туындаған көктамырдағы қан айналымның бұзылуы. Бұл дерт көбіне орта жастан асқан әйелдерде кездеседі. Аяқтағы ауырсыну осы аурудың бастапқы кезеңіндегі негізгі белгі. Бұл көктамыр қақпақтарының жармасы дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты қан жоғары емес, төмен қарай жылжи бастайды.  

Ауру асқынған сайын көктамыр қабырғалары жұқарып, варикозды кеңею басталады. Аяқ ісініп, көктамырлар анық көріне бастайды. Кейіннен аяқтың тырысуы да болуы мүмкін. Егер бұл дертті уақытында емдемесе, кейіннен көктамырлар бітеліп қалуы және трофикалық мерез туындауы ықтимал.

Көктамыр ауруларын қалай емдейді

Варикозды емдеу

"Варикоз ауруын емдеу тиімді болуы үшін бес қадам жасау керек. Біріншіден, мамандандырылған ауруханаға барыңыз. Себебі көктамыр ауруларын қан тамыр хирург-флеболог емдейді. Ем мен профилактиканы тек дәрігер тағайындайды. Екіншіден, аяқтағы көктамырды ультрадыбысты дуплексті сканерлеуден өткізіңіз. Бұл міндетті тексеру көктамырдың жай-күйін нақты анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ұсынылған емді толық көлемде алыңыз. Бұл дәрі-дәрмекпен емдеу, компрессия, хирургиялық емдеу болуы мүмкін. Қандай да бір ем түрін жіберіп алмаңыз. Себебі олар кешенді түрде тиімді бола алады. Төртіншіден, дәрігердің кеңестерін мұқият орындаңыз. Емдеу кезінде және одан кейін де сізге компрессорлы трикотаж кию ұсынылады. Компрессия көктамырдағы қан жүруін жақсартып, ем шаралардың тиімділігін арттырады. Бесіншіден, профилктикаға мән беріңіз. Жарты жылда бір флеболог дәрігердің тексеруінен өту варикоздың қайта туындауына жол бермейді", - деп санайды флеболог дәрігер Денис Ибрагимов.

Варикозды заманауи үлгіде және қауіпсіз емдеуде варикоз көктамырларының лазерлі коагуляциясы таптырмас әдіс болып отыр. Бұл әдіс кезінде қан тамыр қабырғалары жылу энергиясының әсерінен жабысып, одан кейін қан тамыр өздігінен сіңіп кетеді. ВКЛК арқылы емдеу кезінде ауырсынудың болмауы, жарақат туындау қаупінің жоқтығы, ауруханада жату қажеттілігінің болмауы, науқастың тез қалпына келуі осы әдістің артықшылақтары бола алады. ВКЛК жасағаннан кейін ертесіне-ақ науқас қалыпты өмір сүруді жалғастырып, жұмысқа да кірісе алады.

Флебитті емдеу

Көп жағдайда флебит амбулаториялық жағдайда емделеді: физиотерапия, стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер, құрамында гепарин немесе троксевазин бар жақпамайлар, қажет болса антикоагулянттар және антибиотиктер тағайындалады. Дәрігер компрессорлы трикотажды киюді, емдеу кезінде демалуды, зақымдалған дене бөлігін үнемі жоғары көтеріп жатуды ұсынуы мүмкін.

Тромбофлебитті емдеу

Тромбофлебитті емдеу тактикасы да аурудың қандай деңгейде екеніне байланысты. Медикаментпен емдеу кезінде антикоагулянттар, тромболитиктер, қабынуға қарсы жақпамайлар, өсімдіктерден дайындалған флеботониктер қолданылады. Егер ірің пайда болса, онда антибиотиктер беріледі. Қан ұйып қалу қаупі туындаған болса, хирургиялық әдіспен зақымдалған қантамыр бөлігін алып тастайды.

Көктамыр жетіспеушілігін емдеу

Әдетте көктамыр жетіспеушілігін емдеу кешенді сипатта жүреді. Оған медикаментті трапия, физиотерапия, компрессорлы киім кию, емдік дене шынықтырумен айналысу, аса қажеттілік туындаса ғана хирургиялық емдеу жатады. Аурудың дендеуіне әсер ететін барлық факторды жою қажет. Егер науқас семіздікке шалдықса, онда артық салмақтан арылу керек, гормоналды препарат қабылдайтын болса, басқа дәрі-дәрмекке алмастырған абзал, аз қимылдайтын болса, физикалық белсенділікке көңіл бөлу керек.

Үй жағдайында көктамыр ауруының алдын алу

Көктамыр ауруы неше түрлі болуы мүмкін. Алайда оның алдын алу әдісі біреу ғана. Аяқты әсем әрі сау күйінде сақтауға көмектесетін негізгі қарапайым әдістермен мұқият танысыңыз.

Егер сіз бір орында ұақ уақыт отырсаңыз немесе керісінше, күн ұзаққа аяқтан тік тұрып жұмыс істесеңіз, гимнастикаға бірер минут бөліңіз. Бірнеше рет отырып-тұрып, алға және артқа қисайыңыз, аяқтарыңызды айналдырыңыз. Бұл қан айналымын қалыпқа келтіреді.

Қатты тоңу немесе ыстықтаудан аулақ болуға тырысыңыз. Себебі көктамыр қабырғаларының күрт жиырылуы немесе кеңеюі олардың созылғыштығын төмендетеді. Бұл әсіресе әйелдер арасында жиі қолданылатын ыстық балауызбен денедегі түктерді тазалау әдісіне қатысты. Егер аяқтарыңыздағы қан тамырлары айқын көрініп тұрса, онда ыстық балауызды қолдануға болмайды.

Спортпен көп шұғылданыңыз. Жаттығу залына баратын уақытыңыз болмаса, кешкі уақытта таза ауада серуендеуді әдетке айналдырыңыз. Сонда қан айналымы жақсарып, аяқ пен көктамыр тонуста болады. Бассейнге жазылыңыз, бимен айналысыңыз, велосипед тебіңіз немесе скандинавиялық жүріспен әуестеніңіз.

Тым жабысып тұратын джинсы, резеңкесі тар шұлық кимеуге, тар белдік тақпаға тырысыңыз. Мұндай қолайсыз киімдер қан тамырларын басып, қанның қалыпты жүруіне кедергі жасайды.

Ыстық және суық суды кезектестіріп қолдану арқылы аралас душ қабылдау қан тамырларының қабырғаларын жақсы нығайтады. Сонымен қатар ұйықтап жатқанда аяқты аздап көтеріп жатуға тырысыңыз. Бұл қанның жүруін жақсартып, қанның тұралап қалуына жол бермейді.

Дұрыс тамақтанып, майлы және ащы тағамдардан бас тартыңыз. Олардың орнына көк шөпті көп жеп, көкөніс пен жеміске басымдық беріңіз.

Ең бастысы – профилактикалық мақсатта дәрігердің тексеруінен өтуді ұмытпаңыз. Себебі кейде бұл ауру жасырын сипатта жүруі мүмкін.

Жаңалықтар
0