Мәдениет

"Қазақ классикасына сұраныс бар": алматылық букинист ескі кітаптарды кім алатынын айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинБукинистический магазин
Букинистический магазин - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматыдағы саусақпен санарлық букинистік дүкеннің иесі кітап кәсібінің қалай жүріп жатқанын, сонымен қатар әкеден келе жатқан кәсіптің қандай қиындықтармен бетпе-бет келгені жайлы әңгімеледі

АЛМАТЫ, 25 желтоқсан – Sputnik. Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана. Бүгінде  сирек кездесетін және ертеректе басылып шыққан кітаптарды сатумен айналысатын адамдар саусақпен санарлық. Алып шаһар Алматының өзінде букинистердің қатары сиреген. Sputnik Қазақстан тілшісі бірнеше адамның қолынан өткен кітапты сатумен айналысатын дүкен иесімен сұқбаттасып, бұл кәсіптің қыр-сыры жайлы сұрады.

Басқа әлемге апаратын баспалдақ

Алматы жастары көп жүретін жерде тұрғын үй астындағы жертөлеге жайғасқан бұл дүкеннің ашылғанына 19 жыл болған. Алайда қазіргі мекенжайға төрт жыл бұрын ауысқан. Есігі көше бойына емес, аулаға қарап тұрғанына қарамастан, кітап сүйер қауым бұл жерді арнайы іздеп келеді.

Баспалдақпен түсесің, темір есіктің ар жағында басқа әлемге түсесің. Есікке кіргеннен бастап дүкен ішіндегі кітап қағазының иісі бірден сезіледі.

Дүкен иесі Ксения Роменская-Шахворостова қаз қатар орналасқан кітаптардың ортасында отырып сұқбат берді. Айтуынша, бұл кәсіп әкесінің қызығушылығынан пайда болған. Содан кейін әкеден қызына берілді.

© Sputnik / Тимур Батыршин"Аз и Я" букинистік дүкен иесі Ксения Роменская-Шахворостова
Қазақ классикасына сұраныс бар: алматылық букинист ескі кітаптарды кім алатынын айтты - Sputnik Қазақстан
"Аз и Я" букинистік дүкен иесі Ксения Роменская-Шахворостова

2001 жылы басталған кәсіп біраз қиын уақытпен бетпе-бет келгеніне қарамастан бір тоқтаған емес.

"Бәрі 2001 жылы әкемнің кітаптарға деген үлкен сүйіспеншілігінен басталды. Бастапқыда ол Гоголь мен Абылай хан көшелерінің қиылысындағы жерасты өткелде дүкен ашты. Әкем бала күнінен кітаптарды жақсы көреді. Алайда кәсіби қызметінің бұл салаға мүлде қатысы жоқ. Ал букинистік дүкен ашу туралы ой бірден пайда болған екен, себебі әкем букинистік кітап жайлы жақсы біледі", - дейді Ксения.

Кәсіп табыс әкеле ме?

Қазір дүкеннің тұрақты түрде кітап жеткізіп тұратын сенімді адамдары бар. Сатып алушылар да дәл солай тұрақты түрде келіп тұратын болған. Кейіннен қала билігі жерасты өткелде құрылыс жұмыстарын жүргізіп, дүкен мекенжайын өзгертті. Осылайша, дүкен үйреншікті жерінен көшуге мәжбүр болды.

Дәл осы уақытта отбасылық кәсіпке айналған дүкен жұмысы қиындыққа тап болған. Себебі көпшілік бұрын орналасқан жерін біледі, ал жаңа орын жаяу жүргіншілердің көзіне бірден түсе қоймайды. Соған байланысты кәсіпті қайта нөлден бастаған. Жаңа жерге келген кезде бастапқыда келушілер қарасы аз болып, шығын көбейген. Алайда 15 жылдан бері келе жатқан кәсіпті әрі сүйікті істі тастау туралы ой болмаған көрінеді.

"Осы жерге көшіп келген кезде сатып алушылар мүлде келмейтін күндер болды, шығын көбейді. Сол сәтте бізді кітапқа деген сүйіспеншілік ұстап тұрды. Соңы не боларын білмедік, өйткені есігі аулаға қарап тұрған жерден дүкен ашу батыл қадам еді. Ал қазір бұл шешімге еш өкінбейміз, себебі дүкен қаланың орталығында тұр", - дейді ол.

Сонымен қатар дүкен иесі заманның талабына сай әлеуметтік желіні де жолға қойған. Оны өзі тұрақты түрде жүргізіп отырады. Соған байланысты желіден көріп, іздеп келетін жастардың қарасы қалың.

"Қазір букинистер жоқтың қасы, бар букинистің өзін білетіндер аз. Себебі олар өздерін интернетте жарнамаламайды. Мұндай дүкен ашатындардың басым бөлігі егде жастағы кісілер, ал олар цифрлық жағынан дамуға бейім емес. Ал сол инстаграм біздің құтқарушымыз болды", - деді Роменская-Шахворостова.

Айтуынша, бұл кәсіп миллиондап табыс әкелмесе де, ай сайын жалдау ақысын төлеп, бизнесті әрі қарай жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазақ классикасына сұраныс бар

Дүкен ішінде шамамен 20 мыңнан аса кітап бар, алайда иесі нақты санын білмейтінін айтты. Сол үшін кейінгі кезде каталог жүргізе бастаған. Оның ішіне жанр бойынша бөліп, кітап атын жазып отырады. Әңгіме барысында дүкен иесінен қай кітаптың қай жерде тұрғанын қалай тез табуға болатыны жайлы да сұрадық.

© Sputnik / Тимур БатыршинДүкенге келушілер кітап таңдап жүр
Қазақ классикасына сұраныс бар: алматылық букинист ескі кітаптарды кім алатынын айтты - Sputnik Қазақстан
Дүкенге келушілер кітап таңдап жүр

Айтуынша, күн сайын жаңа кітап келіп тұрмайтындықтан кітаптың орнын жаттап алу қиынға соқпайды.

"Бізге келіп түсетін кітаптың барлығын қабылдап алған кезде қай жерге қою қажет екенін білеміз. Есте сақтаймыз, сол себепті келген адамға кітапты тез тауып беру қиынға соқпайды. Мысал ретінде "Алтын Орда" кітабын алайық. Бұл кітаптың бар екенін ұмытып қалу мүмкін емес, себебі қазір қазақ классикасына, дәл осы кітапқа деген сұраныс бар. Ал әлемдік классика ешқашан сәннен шықпайды", - дейді ол.

Айта кетейік, дүкенде Ксениямен қатар тағы бір қызметкер жұмыс істейді.

Кітапты кім сатып алады

Дүкен иесінің айтуынша, қазір жастар арасында ескі кітаптарға деген қызығушылық жоғары. Оған әлеуметтік желінің пайдасы тиген.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Букинист. Книги и винил (@bouquiniste_almaty)

"Бұрынғы дүкенге егде жастағы кісілер тұрақты түрде келіп тұратын. Ал бұл жерге жастар көп келеді. Олар қазақ классикасынан бастап, қазіргі заман әдебиетіне дейін сұрайды. Соның арқасында күнді күнге әрең жалғап отырған жоқпыз. Әрине, миллиондап табыс тапқысы келетіндерге букинистік дүкен ашудың қажеті жоқ. Ал ол жағынан бізде қиындықтар жоқ", - дейді дүкен иесі.

Ал кітаптың бағасы оның қай жылы шыққанына байланысты қойылады. Қаншалықты ерте жарық көрсе, бағасы қымбатырақ болады. Ал жалпы кейінгі жылдары басылып шыққан кітаптармен салыстырғанда бұл дүкенде кітап бағасы біршама арзан.

"Бәріне таныс "Гарри Поттер" кітабының "Росман" баспасындағы нұсқасын іздейтіндер көп. Бұл аударма қиял әлемі туралы кітапты сүйіп оқитындар арасында үлкен сұранысқа ие. Бізде дәл осы басылымда шыққан кітап түссе, бірнеше секунд ішінде өтіп кетеді", - дейді Роменская-Шахворостова.

Ксенияның айтуынша, жастар тек өзіне ғана емес, жақындарына сыйлық ретінде де кітап сатып алады. Мұндай жағдайда екінші адамға ескі басылымдағы кітапты сыйлап, таңғалдырғысы келетінін айтты.

© Sputnik / Тимур Батыршин"Аз и Я" букинистік дүкені
Қазақ классикасына сұраныс бар: алматылық букинист ескі кітаптарды кім алатынын айтты - Sputnik Қазақстан
"Аз и Я" букинистік дүкені

"Сыйлық ретінде сатып алатындар да көп. Әсіресе жаңа жыл қарсаңында жұмыс қызу жүріп жатыр. Адамдар бізден алған кітапты сыйлап, жақынын таңғалдырғысы келеді. Мысалы, көп жағдайда "Гарри Поттер" кітабын сыйлайды. Ал кейде бала кезінде жақсы естелікпен байланысы бар кітапты бізден табады", - дейді Ксения.

Ескіні жаңғырту

Дүкен ішінде кітаптармен қатар ескі винилдер де бар. Олар саны жағынан көп болмаса да, ескіні жаңғыртып, пластинкамен ән тыңдағысы келетіндердің сұранысына жауап бере алады.

"Винил CD, MP3 және басқа да гаджеттер қолданысқа ене бастаған кезде ешкімге қажет болмай қалды. Ал қазір көптеген жастар арасында винилдің не екенін біліп, музыка тыңдаған кезде ерекше әсер алатындар да бар. Осыдан он шақты жыл бұрын винилді қажет емес деп сыртқа шығарып тастаған еді, ал қазір адамдар оны ешкімге бергісі келмейді. Сол уақыттан бері бағасы да бірнеше есе өсті", - дейді Ксения.

Ал бұл дүкендегі пластинкаларды сол кезде бойжеткеннің әкесі жинаған.

© Sputnik / Тимур БатыршинДүкен 2001 жылы ашылған, қазір мұнда 20 мыңнан аса кітап бар
Қазақ классикасына сұраныс бар: алматылық букинист ескі кітаптарды кім алатынын айтты - Sputnik Қазақстан
Дүкен 2001 жылы ашылған, қазір мұнда 20 мыңнан аса кітап бар

Ал дүкен иесі кітапқа деген сұраныс ешқашан түспейді деп санайды. Ол электронды нұсқадағы кітапты оқу сәннен қалып бара жатқанын, адамдардың кітапты сатып алуға тырысатынын алға тартты.

Айта кетейік, дүкенде қазақ, орыс, ағылшын, француз тіліндегі кітаптарды табуға болады.

Жаңалықтар
0