Мәдениет

Фонограммаға қатысты заң жобасы сенатқа жіберілді

© Photo : СС0 / Daniel FrieseneckerМикрофон
Микрофон - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Барлық жарнамалық өнімде және кассалар жанында міндетті түрде концерт фонограммамен өтетіні туралы хабарлама беріледі

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Парламент мәжілісі мәдениет саласына арналған заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Осы құжатта фонограмманы пайдалану мәселесі де көрсетілген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, мәдениет саласына арналған жаңа заң жобасында фонограмманы қолдану мәселесі ескерілген. Бірақ фонограмманы пайдалану жайында көрерменге хабарлау және фонограмманы пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде көрсетілетін. 

"Барлық жарнамалық өнімде және кассалар жанында міндетті түрде концерт фонограммамен өтетіні туралы хабарлама болады. Тыңдарманға фонограммамен өтетін концертке билет сатып алу немесе бас тартуға мүмкіндік беріледі. Мұндай концерт билетінің құны да төмен болады", - деді Райымқұлова парламент мәжілісінің жалпы отырысында.

Айта кетейік, мәдениет саласына арналған заң жобасында концерт кезінде әншілер тарапынан  әдепсіз мінез-құлық таныту, сахнаға ұқыпсыз күйде шығу, жоспарланған концерттік бағдарламаны орындамау және әдепсіз сөздер бар репертуар таңдау бойынша бірқатар міндеттеме қарастырылған. Бұның барлығы алдымен концерт ұйымдастырушы мен орындаушы арасында рәсімделетін келісімшартта жазылады. Ал осы нормалар бұзылса, әкімшілік жауапкершілік шарасы қолданылады. 

Бүгін мәжіліс депутаттары заң жобасын мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді.

Жаңалықтар
0