Мәдениет

Түркістан облысында Шәмші Қалдаяқовқа музей ашылды

© Photo : Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіШәмші Қалдаяқовқа музей ашылды
Шәмші Қалдаяқовқа музей ашылды - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Шәмші музейі жас композиторлар мен әншілер тәу ететін зиярат орнына айналуы тиіс, деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев

АЛМАТЫ, 14 тамыз – Sputnik. Түркістан облысында Шәмші Қалдаяқовқа арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды. Бұл шара композитордың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Қалдаяқов туып-өскен Отырар ауданында өтті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Музейдің ашылу салтанатына өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев қатысты. Ол Шәмшіге арналған музей демеушілер есебінен ашылғанын айтып өтті. 

"Бүгін айтулы мереке. Түркістан облысына келгелі Шәмшінің кіндік қаны тамған жерде оған арналған музейдің жоқ екенін білдім. Тіпті біздің бүкіл республикада "қазақ вальсінің короліне" арналған бір де бір музей жоқ. Аз уақыт ішінде кеткен кемшіліктің орнын толтыру үшін тапсырма беріп, демеушілер есебінен Шәмші музейін ашуды қолға алдық", - деді Өмірзақ Шөкеев.

Оның пікірінше, Шәмші музейі Жидебайдағы Абай музейі секілді жас композиторлар мен әншілер тәу ететін зиярат орнына айналуы тиіс.

Музей ішінде композитордың қолданған бұйымдары, саз шығаруға сеп болған мандолина секілді құнды жәдігерлер бар. Қазақстанның Ұлттық музейі Шәмші музейінің ашылуына орай композитордың бас киімін тарту етті.

Айта кетейік, Түркістан облысының орталығындағы жаңа музыка мектебіне Шәмші Қалдаяқов есімі берілді. Сонымен қатар музыка мектебінің алдында композитордың ескерткіші бой көтереді. Түркістан қаласындағы көшелердің біріне сазгердің есімі берілді.

Жаңалықтар
0