Мәдениет

"Лұқпаннан Майкл Джексонға дейін". Димаштың стилі қалай өзгерді?

Жазылу
Қазақстандық мамандар Димаштың карьерасының басталған уақытынан бүгінге дейін стилінің қалай өзгергенін айтып берді

АСТАНА, 17 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Димаш Құдайбергеннің сырт келбеті мен дене бітімі бірден көзге түседі әрі оның табиғатынан адамды бірден баурап алатын қасиеті бар. Бет-жүзінің сымбаты мен қалың шашы — құдды сахнада жүру үшін жаратылғандай. Ол адамдарды еріксіз еліктіріп, жақсы әсер қалдырады.

Әлем жұртын талантымен таңғалдырып жүрген жас әншінің образын қалыптастыруда қазақстандық және қытайлық стилистердің үлесі зор. Осы орайда, соңғы жылдары әншінің шаш үлгісін жасап жүрген стилист Жарқын Абдрахманов пен "Дуэт" студиясының стилистері Алина Шарипова мен Евгения Глазкова, сондай-ақ, Нұргүл Шауданова Димаштың карьерасының бастапқы жылдарынан осы күнге дейінгі образының қалай өзгергенін талдап берді.

Димаштың образы жүрекпен таңдалады

Жарқын Абдрахманов жас әншімен 2015 жылдан бастап жұмыс жасаған. Десе де ол осы уақыт ішінде шашын тек Димаштың қалауы бойынша кесіп отырғанын айтады. Яғни шаш үлгісінің қандай болатынын әншінің өзі ешбір стилистің көмегіне жүгінбей таңдайтын болған.

"Димаштың шаш үлгісінің нақты аты мен түр-түсі жоқ. Себебі өзінің сұрауы бойынша бірте-бірте қысқартып, арасында ұзартып отырдық. Біраз уақытқа дейін оның шашы ұзын болып жүрді. Оның үстіне ұзын шаш бірнеше жыл бұрын сәнде болған еді. Уақыт өте келе іштей шашымды 100%-ке өзгертемін деп дайындалып жүрді. Жалпы дәл қазіргі өзгерісті оған қытайлық стилист-шаштараз Чи енгізді. Яғни үстіңгі жағын қалыңдатып, екі жанын қысқартты", — дейді стилист.

Айтуынша, Димаштың шашы табиғатынан толқын іспеттес: жұқа әрі бұйраланып тұрады. Оның Қазақстанда жүріп шаш үлгісін түбегейлі өзгертпеуіне классикалық киімдерді жиі киюі себеп. Көптеген жасөспірім шаш үлгісін Димашқа еліктеп өзгертетін. Ұзын шаш — сол уақыттың басты сәні десек те болады. Димаштың өзі де бұл шаш үлгісін өмірдегі кіндік әкесіне еліктеп таңдаған.

Шашын Лұқпан Жолдасовқа еліктеп өсіретін

"Димаш шашын мойнының ұзындығына қарап, екінші шетінен Лұқпан ағаға еліктеп өсіретін еді. Оны өзіне кумир тұтатын. Десе де, Димаштың қазіргі шаш үлгісі оны барынша жас етіп көрсетеді. Ал бұған дейінгі шаш үлгілері керісінше еді. Жалпы қазіргі образы толығымен көңілімнен шығады, өте дұрыс таңдалған. Мұнда қытайлық стилистердің жұмысын ерекше атап өтуіміз қажет. Сондай-ақ, барлығы Димаштың қалауымен жасалатындықтан, оны жүректен шыққан образ деп атауға болатын сияқты", — деді Жарқын Абдрахманов.

Стилист Нұргүл Шауданова карьерасының алғашқы жылдарында Димаштың стилі өзгелерден аса ерекшелене қоймағанын айтады. Жасөспірім кезіне сай. Ал соңғы уақыттағы оversize свитерлер, үлкен футболкалар, жыртылған джинсы, жарқын түсті аяқ киім мен ұйпа-тұйпа шаш — киімдегі басты көзге түсетіндер.

"Димаш — street style стилінде киінетін батыл жігіт. Қазір танымал әншінің стилінен жасының өскендігін көреміз. Street style-ды ұстамды етіп көрсететін киімдер алмастырған. Сондай-ақ, гардеробының ересек етіп көрсететін костюмдермен, аппақ қардай жейделермен, галстуктармен толыққанын көреміз. Ал сәнді шаш үлгісі мен сахнада көзін бояйтыны жас әншінің заманға сай образын бұрынғысынан толықтыра түседі", — деді стилист.

Димаштың киімінен бұрын, сөз саптауына тәнтімін

Мұнымен қатар, Нұргүл Шауданова Димаштың классикалық туындылардан өзге репертуарларды таңдаған кезде total black стиліндегі киім үлгілерін киетінін айтады. Әншінің үстіндегі киімнің пішімі мен сұлбасы оның дене бітімінің артықшылықтарын айшықтай түседі. Былғары қысқа етек күртелер образында басты орындардың бірін алды десек болады.

"Әншінің киімінен бұрын сөз саптау мәнеріне қайранмын. Ер жігітті әңгімелесушісіне асқан құрметпен қарап, барынша байыптылық танытудан артық ешнәрсе тартымды етіп көрсетпейтін шығар. Жалпы мінезіндегі ұстамдылығы Димаштың киімдерінен де байқалады. Сондай-ақ, әншінің карьерасының бастапқы кезеңінен осы күнге дейін мойнына тағып жүрген бойтұмарына көзім түсті. Бұл — образды толықтырып, иесін тартымды етіп көрсететін тамаша бұйым! Меніңше, алдағы уақытта Димаш көбірек нар тәуекелге барып, тыңдармандарының көңілінен шығатын қызықты киім үлгілерін таңдайды. Бүгінгі таңда әнші кіршіксіз таза және байсалдылығымен ерекшеленеді", — деді стилист Нұргүл Шауданова.

Ал Астана қаласындағы "Стильді дуэт" студиясының стилистері Алина Шарипова мен Евгения Глазкова Димаштың карьерасының алғашқы жылдарында жастар сәнінен аз да болсын хабары болғанын айтады. Бірақ бұл уақытта оның стилі әлі қалыптасып үлгермеген.

"Димаштың ұзын шашы сол уақытта сәнде болғаны белгілі. Ал жарқын түсті кроссовка мен ұзын футболка Димаштың осы кездің өзінде талғаммен киінуге тырысқанын байқатады. Сондай-ақ, галстук пен классикалық костюмдер оның жасын ұлғайтып көрсетсе, ұзын тоны мүлдем жасына сай келмейді", — деді Алина Шарипова.

Майкл Джексонның жанкүйеріне тән образ

Стилист Евгения Глазкова Димаштың соңғы жылдарда түскен суретінен Оңтүстік Корея музыкасы — k-pop стиліне еліктеушілік байқалатынын айтады. Барынша ашық түсті овер-сайз толстовка мен свитер, "таралмаған" шаш — мұның барлығы да Оңтүстік Корея стиліне тән. Димаштың стилінің күрт өзгеруі Азияның үлкен сахнасында өнер көрсетуімен байланысты болса керек.

"Димаш стилі эволюциясының келесі кезеңі — тар қара джинсы, шашақтармен безендірілген былғары күрте және металл ұсақ-түйек заттар. Ал бұлардың барлығы рок-н-ролл тақырыбына тән. Бұдан кейінгі суреттерде Димаштың классикалық образда тұрғанын байқауға болады: ақ жейде, концертке арналған сәнді костюм және смокинг. Олар оның дене бітіміндегі артықшылықтарды айқындай түседі және беделдірек көрінуіне көмектеседі", — дейді Евгения Глазкова.

Сондай-ақ, стилистер Димаштың жоғарыдағы суреттерде бұрын-соңды болмаған образдармен көзге түсіп отырғанын айтады. Ол 80-90-жылдардағы Майкл Джексон тыңдарманына тән образ десек те болады: ханзадалардың киіміндегідей иық, кесте, бірегей пішім, шалбар шетіндегі жапсырма жолақ. Супер жұлдыздың жарқын образын қалыптастыруда кәсіби стилистер мен визажистердің жұмыс істегені байқалады.

Димаш қазір жас және оның стилі уақыт өте келе әлі талай эволюцияға ұшырайды. Болашақта бұл жан-жақты, талантты әртісті басқа қырынан көретінімізге сенімдімін. Ал сізге Димаштың қай образы көбірек ұнайды? Оған қай шаш үлгісі жарасады?

Жаңалықтар
0