05:34 26 Қазан 2021
Тікелей эфир
  • USD425.07
  • EUR494.14
  • RUB6.06
Колумнист
Қысқа сілтеме алу
124 0 0

Жеті нан неге таратылады? Шаруа құралы саналатын кетпеннің ортасы не себепті тесілген? Көне шаһарлар жайлы сөз қозғалғанда әңгіменің бір ұшын не үшін жыландармен әкеліп байланыстырады?

Мұның құпиясы не? Осы сұрақтардың барлығына жауапты бір ғана Құмиян атты көне шаһарға байланысты айтылатын аңыздан табуға болады.

Бүгін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы көне Құмиян шаһары туралы сөз қозғаймыз.

Жалпы бұл қала туралы ел аузында сақталған аңыз әңгімелер баршылық. Алайда олардың барлығы жыланмен байланысты болып келеді. Тіпті мистикалық оқиғаларға құрылған әпсаналарда бұл қаладағы тіршіліктің тоқтауына да жыландар себеп болғаны айтылады. Жергілікті тұрғындар да осы пікірді құптайды. Алдымен аңыз сөзі не дейді, соған үңілейік.

Оқиға желісі былай баяндалады. Бір күні халқы көп, тіршілігі қайнаған Құмиян қаласының бір шаруасы отын шабуға барады. Бір жыңғылдың түбінен ысылдаған жылан шығыпты. Дереу қолына кетпен алып, әлгі жыланның басын шауып тастайды. Бір қызығы, әлгі жерден бірінен соң бірі жеті жылан шығады. Шаруа барлығын өлтіріп тынады.

Қызылорда облысындағы көне Құмиян шаһарының орны
Әзиз Батырбеков
Қызылорда облысындағы көне Құмиян шаһарының орны

Отынын шауып, үйіне келгеннен кейін көрші қартқа болған оқиғаны әңгімелеп береді. Көпті көрген қария дереу шаһар басшысына хабар беріп, қаладан кету керектігін айтады. Алғашында қала бегі мән бермей, бір алжыған шалдың әңгімесіне балайды. Дегенмен сол түні қаланы жылан басып қалады. Небір ер-азаматтар семсерлерін қыннан суырмай жатып құрбан болады. Ақыры болмаған соң бек қалған халықты қаладан аман алып шығуды бұйырады.

Өзі қасына осы оқиға болатынын айтқан қарияны алдырып, мына сұмдықтан құтылудың жолын іздейді. Сонда қария: "Біздің шаруа ордалы жыланның ордасын бұзған. Енді олар соны тапқанша тыныштық таппайды" – дейді. Қала басшысы: "Онда сол шаруаны берейік те, құтылайық мына пәледен" деп шаруаны алдыртады. Қария болса жыландар бір алған қамалын оңайлықпен босатпайтынын айтып, шаруаны ажалға итермелеуден еш пайда жоқтығын жеткізеді. 

Қала сыртына шыққан соң елді бір жерге жинаған қария кісі бойындай ор қаздырады. Оның ішіне әлгі шаруаны түсіріп, басына жеті нан қояды. Жеті нанның үстіне "жыланды кетпен шапты ғой" деп жеті кетпен қойдырыпты. Ордағы адамға аждаһа оңай жетпеуін ойлап кетпеннің үстіне жеті қазанды төңкертеді. Бұлар осы әрекетті жасап болғанша қаланы түгел тінтіген жыландар артынан қуып жетеді. Бірден әлгі орға қарай беттеген жыландар жеті түрлі қазанды жеті жаққа ұшырып жібереді. Ішінен біреуі ысылдаған бойы жеті кетпенді тесіп өтеді.

Оқи отырыңыз: Жұмаға кеңес: аудиотаспадағы Құранды оқыса, жеті шелпек қабыл бола ма?

Содан бері кетпеннің ортасы тесік болып жасалады екен. Жеті қазан мен жеті кетпеннен өтсе де, шаруаның басында тұрған жеті күлше наннан өте алмай тоқтаған екен. Жыландар өз бетімен кетеді. Шаруаны ордан шығарып алған қария жеті күлше нанды айналадағы жеті елге таратып береді. Содан бері сайын даланы мекендеген жұртшылық иіс шығарғанда, құран оқытқанда жеті нан таратуды әдетке айналдырыпты.

Ауызша жеткен аңыз желісі – осы. Бұл аңызды мен Жаңақорған ауданының тұрғыны, 90-ға келіп өмірден өткен Әбубәкір Даниярұлы деген ақсақалдан естіген едім.

Жаңақорған ауданының тұрғыны Кеңес Садықұлы бұл қаланың тарихын ХІІ ғасырмен байланыстырады.

"Құмиян ХІІ-ХІІІ ғасырларда болған қала. Оның тарихы тереңде жатыр. Келінтөбе ауылының оңтүстік-батыс жағында 30 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Бір білетінім, Сырдарияның құрғап қалған арнасынан 3-4 шақырым жерде тұр", – деді Кеңес Садықұлы.

Сыр тарихын зерттеуші журналист Әділжан Үмбет біз мақалаға арқау еткен көне қалаға байланысты айтылатын аңыз-әңгіменің түбінде шындық болуы мүмкін екенін айтады.

"Аңыздың түбінде ақиқат жатады. Бабаларымыз өткен тарихын ұрпағына ауызша жеткізіп отырған. Құмиян жайлы аңыз да бізге солай жеткен аңыздың бірі. Мұның да түбінде шындық жатуы мүмкін. Өйткені Құмиянда бір кездері адамдар өмір сүрді, қазір ешкім тұрмаса да онда барған адам көне тіршіліктің ізін байқайды", – деді ол.

Қызылорда облысындағы көне Құмиян шаһары
Қызылорда облысындағы көне Құмиян шаһары

Қазақ ұлттық энциклопедиясында төртбұрышты қала екені, көлемі 210х180 метрге жуықтайтыны жайлы мәліметтер бар. Қорғанның кейбір сақталған биіктігі 5-6 метрді құрайды. Дуалының ені – 3-3,5 метр шамалас. Оңтүстік жағындағы екі бұрышында мұнараның құлаған орны 2,5 метр төбе болып жатыр. Қорғанның құрылыс жүйесіне қарағанда төрт жағында бес-бестен мұнара болған. Мұнаралардың арасы – 35 метр. Қақпасы оңтүстік-шығысында орналасқан. Қорғанның сыртын айналдыра қазылған ордың ені 8 метр болса, тереңдігі 1,5-2 метрге жуық.

Иә, біздің заманымызға дейін жеткен Құмиян тағы қандай сырды бүгіп жатқаны бізге беймәлім. Тек білетініміз оның сақталған орны әлі күнге дейін тарихта болғанын айғақтап жатқандай көрінеді.

Кілт сөздер:
нан, салт-дәстүр
Загрузка...

Басты тақырып