Балық цехындағы сұмдық қылмыс: 17 жастағы бозбала әке-шешесін не үшін өлтірді

© Photo : Pixabay / Engin AkyurtРыба
Рыба - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.06.2021
Жазылу
Төрт жыл бұрын болған бұл қылмыс павлодарлықтарды есеңгіретіп тастады. Колледжде оқитын кәмелет жасына толмаған бозбала мен өгей әкесінің арасындағы ұрыс-керіс 37 жастағы әйел мен 27 жастағы ер адамның өлімімен аяқталды

2018 жылдың наурызында 17 жастағы Николай Сагадак бірге жұмыс істейтін қызбен бірге балық цехына келеді. Анасы мен оның күйеуіне тиесілі бұл цех павлодарлық бау-бақша шаруашылығының бірінде орналасқан.

Жұмыс істегісі келмеген

Николай колледжде оқыған, ал бос уақытында отбасылық бизнеске үлес қосып жүрген. Бірақ сол күні оның жұмыс істегісі келмей, айласын іске асырмақ болады. Серіктесі киімін ауыстырып жатқан кезде ол далаға шығып, электр жарығын өшіріп тастайды. Бойжеткен цехта жарық жоқ екенін айтқан кезде, ол бұл жағдай туралы телефонмен анасына хабарлап жатқан кейіп танытады. Содан кейін қызға өтірік айтып, анасы оған үйіне қайта беруге рұқсат берді дейді. 

Серіктесі кеткен соң, Николай цехта жалғыз қалған. Түс уақытында жұмыс орнына анасы Оксана келеді. Артынша көлікпен оның күйеуі Владимир Кутепов те жетеді. Ол тапсырыс берушілерге бөлшектелген балықты жеткізуі керек болған. Бірақ қажетті өнім цехта болмайды. Қабылданған балықтың салмағынан да сәйкесіздіктер табылып, Владимир әйеліне ашуланады. Ерлі-зайыптылар ұрысып қалады да, әйел цехтан шығып кетеді.

Осыдан кейін өгей әкесі Николайға жекіп, оның жұмысты ысырып қойғанына кейістік танытады. Бозбала да әр айтылған сөзге жауап беріп, қарсылық білдіреді.

Николайдың айтуынша, оның бұл қылығы ер адамға ұнамай, ол өгей баласына жұдырық сілтеп, оны жерге құлатып, бірнеше рет тепкен. Одан кейін теріс бұрылып кетіп қалады.

Туған шешесін де аямады

Алайда өкпелі Николай өгей әкесінен өш алмақ болады. Ол балықты боршалауға арналған пышақты алып, Владимирді қуып жетеді де, қаруды оның басына сұғады. Ер адам жерге құлайды. Бірақ өгей ұл оның басы мен мойынына тағы оннан астам соққы жасайды. 27 жастағы ер адам оқиға орнында жан тапсырды.

Дәл осы уақытта Оксана цехқа кірген. Ол жантүршігерлік жағдайдың куәсі болады: еденде күйеуі қан-жоса болып жатыр, ал оның жанында қолына пышақ ұстап туған баласы тұр.

Әйел боздап қоя бергенімен, оның көз жасы Николайдың жүрегін жібіте алмады. Оның үстіне, анасы бұл ісі үшін оны ешқашан кешірмейді деп ойлаған ол оған да пышақ ала жүгіреді. Оксана қашып құтылуға тырысқанымен, ұлы оны цех жанында қуып жетеді.

37 жастағы әйел де күйеуінің тағдырын бөліседі. Ол көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Сарапшылар кейін Николайдың шешесіне 27 рет пышақ сұққанын анықтады.

Бозбала жігіт мұнымен де шектелмей, анасы мен өгей әкесінің денесін есік жанынан цех ішіне қарай сүйреп, үстін картон қораптармен жабады. Әке-шешесінің алтын бұйымдарын, ұялы телефондарын және Владимирдің қалтасындағы 370 мың теңгені сыпырып алады. Кейіннен тергеу кезінде белгілі болғандай, жалпы сома 1 миллион 115 мың теңге болған. 

Осыдан кейін ол өгей әкесінің көлігіне мініп, жолдасына барған. Олар таңға дейін ұрланған көлікпен қала аралайды. Ата-анасының телефондарын өшіріп, Владимирдің әкесіне олар Өскеменге кетті деп айтқан. Өзінің жұмыстағы серіктесіне де әке-шешесі кетіп қалғанын, сондықтан жұмысқа келудің қажеті жоқ екенін хабарлама арқылы жеткізген.

Ана жүрегі сезген

Бірақ келесі күні Владимирдің әке-шешесі ұлының қоңырауға жауап бермегеніне қатты алаңдайды. Әйелінің де телефоны сөндірулі болады. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмағандықтан, олар жұмыс орнына барады. Бірақ цех қақпасы жабық тұрған. Ана жүрегі бір жамандықты сезіп, түнде екінші ұлы Михаилды қайтадан цехқа жібереді.

Ол жерде Михаил сұмдық қылмысты көріп, үйіне хабарласады. Ата-анасы полиция шақырады.

Владимирдің анасы бірден Николайдан күдіктенген. Соңғы уақытта ол ата-анасынан және басқа да туыстарынан жиі ақша ұрлап, есірткіге әуес екені белгілі болған. Ал бірнеше ай бұрын Владимирдың көлігін рұқсатсыз алып, оны зақымдаған. Осы жағдайдың барлығына байланысты Оксана өзі ұлымен сөйлесіп жүрген. Николайды цехқа жұмысқа кіргізіп, көлікті жөндеуге кеткен шығынды оның жалақысынан ұстап қалмақ болады.

Оқи отырыңыз: Шымкентте қандықол қылмыскер бір үйдің төрт бірдей адамын не үшін өлтірді 

Марқұмның анасы өзінің күдігі туралы полицейлерге айтып берген соң, олар бірден Николайды іздеуге кіріседі.

Ал ол бұл уақытта пәтер жалдап, өгей әкесінің ақшасына достарымен бірге сауық-сайран құрған. Келесі күні ата-анасының пәтерінде жалғастырады. Азық-түлік пен ішімдік алу үшін дүкенге шыққан кезде тәртіп сақшылары оны қолға түсірген. Көліктен шешесі мен өгей әкесінің алтын бұйымдары, телефондары табылады. Ал ақшаны Николай түгел дерлік жұмсап үлгерген.

"Елшілік өкілін талап етемін!"

Тергеу кезінде ол өз қылмысын толық мойындап, әке-шешесін қалай өлтіргенін толық айтып және көрсетіп берді.

Алайда сот отырысында өз сөзінен бас тартып, жауап алу барысында қысым көрсетілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол процеске Ресей Федерациясы елшілігі мен Адам құқықтары жөніндегі бюро өкілдерінің қатысуын талап етті. Бірақ сот оның бұл талабын орындаудан бас тартты.

Николай Сагадакқа ҚР қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылды – екі адамды өлтіру, ұрлық және көлікті заңсыз иелену. Сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ және айыптау актісімен танысудан бас тартты.

Сот отырысының басында ол адвокатын ауыстыруды талап етті, өйткені қорғаушы оны түрмеге жапқысы келеді-міс. Айыпталушыға жаңа адвокат берілді. 

Ал жарыссөз кезінде Сагадак анасы мен өгей әкесін кім өлтіруі мүмкін екені туралы өз болжамын ұсынды. Ол Владимирдің туған ағасы Михаил осы қылмысқа жауапты болуы мүмкін деп мәлімдеді. Николайдың айтуынша, ағалы-інілі бір-бірімен араз болған.

Жаза

Бірақ прокурор сотталушының қылмысын дәлелдейтін айғақ жеткілікті екенін айтты, оның ішінде куәгерлер жауабы мен сараптама қорытындысы бар. Мемлекеттік айыптаушы Николайды тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Судья бұл мерзімге тағы бір жыл қосты. Николай Сагадак 10 жылға сотталды. 

Фемида қызметкерінің айтуынша, қылмысты жасаған кезде сотталушы кәмелет жасына толған болса немесе жазаны ауырлататын фактілер анықталса, онда жаза мерзімі бұдан да көп болар еді.

Оқи отырыңыз: Күйеуін өлтіріп, анасының қабіріне көмген: елордалық әйелдің адам шошырлық қылмысы

Николай өзін полицейлер соққыға жыққанын, сондықтан қылмысты мойындауға мәжбүр болғанын айтты. Оның осы арызы негізінде қылмыстық іс қозғалғанымен, шағымдағы фактілер расталмады. Мамандар сол күні Николайды медициналық тексеруден өткізген, бірақ ешбір жарақат іздерін таппады. Сол себепті қылмыс құрамының жоқтығына байланысты іс тоқтатылды.

Бұдан бөлек, сот Николайды марқұмның анасына бір миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуді міндеттеді.

Сагадак сот үкімі жарияланған кезде өзін байсалды ұстады. Судьяның үкім түсінікті ме деген сұрағына барлығы түсінікті деп жауап берді.

Кейін ол сот үкімін апелляцияға берді, алайда облыстық соттың сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

(Адамдардың аты-жөні толық өзгертілген)

Жаңалықтар
0