21:33 18 Сәуір 2021
Тікелей эфир
  • USD430.39
  • EUR515.52
  • RUB5.68
Колумнист
Қысқа сілтеме алу
84 0 0

Ресейдің жоғары технологиялы жауынгерлік авиациясы заман талабына сай дамуда. Жаңа буынға жататын стратегиялық бомбалаушы зымыран тасымалдағыш әлеуетті қарсыластың сын-қатеріне төтеп беруге қауқарлы

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Ресейдің қорғаныс министрлігі "Туполев" әзірлемесі бойынша стратегиялық бомбалаушы-зымыран тасымалдағыштың соңғы кескінін бекітті. Мамандар ұшақтың көзге түсу деңгейін мейлінше төмендетуге тырысып, қуатты зымыран қаруына басымдық берді. Қашықтық авиациясының перспективалы авиациялық кешеніне (ҚА ПАК) дыбысқа дейінгі жылдамдық мүмкіндігі орнатылып, ұшу ұзақтығы арттырылады және фюзеляжішілік қарулану қарастырылады. Жаңа буын  "Стратегі" мемлекеттік қарулану бағдарламасы аяқталғанға дейін 2027 жылы қарулануға қабылданады деп жоспарланып отыр. ҚА ПАК Ту-160, Ту-95МС және Ту-22М3 сынды қашықтық авиациясының "ардагерлерінің" орнын басады.

Қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі ақпарат көзіне сүйенсек, бомбалаушы-зымыран тасымалдағыш "ұшатын қанат" аэродинамикалық сызба бойынша дайындалған. Оның борттық жабдығы мейлінше автоматтандырылған. Ұшақ "әуе-әуе" зымырандарының кең спектрін қолдана алады және ұшқышсыз ұшу аппараттарының тобын басқара алады. Қазір Казань авиация зауытында бірнеше ҚА ПАК тәжірибелік үлгілерін құрастыру жалғасып жатыр.

Су жаңа "стратегтің" арнайы макеттері мен толық көлемді элементтері радиолокациялық көзге түсу деңгейі бойынша стендтік сынақтан сәтті өтті. Бұл сынақ ұшақтың НАТО елдерінің әуедегі шабуылынан қорғаныс жүйелерінен көзге түспей өтуге қабілетті екенін дәлелдеді.

Оқи отырыңыз: "Сармат" зымыранының сынағы қашан басталады

"Туполев" кәсіпорнының басшысы Александр Конюхов 2019 жылы ҚА ПАК-тың алғашқы үлгісін іске қосу 2021-2022 жылдарға белгіленіп отырғанын айтқан болатын. Сондай-ақ Ресейдің қорғаныс министрінің орынбасары (қазір вице-премьер) Юрий Борисов алғашқы ұшу 2025-2026 жылдарға, ҚА ПАК-тың сериялы өндірісі 2028-2029 жылдарға жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Алайда ұшақты 2026 жылы қарулануға қабылдау туралы сөз қозғалғанына қарағанда жобаны іске асыру қарқынды жүріп жатыр. Бұл тездету әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты болып отыр.

Мызғымас беріктік

Ресейлік қашықтық авиациясы Сирияда конвенциялық оқ-дәрі мен дәлдігі жоғары қаруды қолдануды сәтті игерді. Әйтсе де стратегиялық бомбалаушы-зымыран тасымалдағыштардың басты міндеті – ядролық триаданың тиімділігін, сенімділігін және беріктігін арттыру. Дәл осы мақсатта Ту-160М2 зымыран тасымалдағышының өндірісі қайта жаңғыртылды. Ықтимал қарсылас ешқашан триаданың жердегі, теңіздегі және әуедегі компоненттерін алғашқы соққымен жоя алмайды. ҚА ПАК авиациясын қолдану ядролық ұстап тұру жүйесіне қандай жаңашылдықтар алып келеді?

Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігіне қолданыстағы Ту-160 (1984 жылдан бері шығарылады), Ту-95МС (1958 жылдан бері өндірісте), Ту-22М3 (1969 жылдан бері шығарылады) сынды үш зымыран тасымалдағыштың функцияларын атқаратын, бірақ Ту-160 машинасынан қымбат тұрмайтын сапалы жаңа ұшақ қажет. Бұған дейін "ұшатын қанат" конструкциясы қашықтық мүмкіндіктерін едәуір арттыруға және жүк көтергіштігін ұлғайтуға мүмкіндік беретіні туралы ақпарат тарады.

Ұшудың максималды ұзақтығы 30 сағаттан асады. Қосымша жанармай құюсыз ұшу қашықтығы - 15 мың шақырым. Кейбір болжамдар бойынша, ҚА ПАК шамамен 35 тонна пайдалы жүкті көтере алады. Салыстыру үшін айтсақ, B-2 Spirit америкалық стратегтің жүк көтергіштігі 27 тоннаға дейін болса, ресейлік Ту-160 "Белый лебедь" 45 тоннаға дейін. Логикалық тұрғыдан алғанда жаңа "стратегтің" арсеналы Ту-160 ұшағынан кем түспеуі керек.

ҚА ПАК үшін арнайы жаңа турбореактивті қозғалтқыш дайындалып жатыр. Әзірлеу жұмыстарын 2018 жылдан бастап біріккен қозғалтқыш жасау корпорациясы жүргізіп келеді. БАҚ материалы бойынша, ұшу салмағы 125 тоннадан астам болуына баланысты бомбалаушы ұшаққа төрт қозғалтқыш орнатылады. Бұл бағыттағы сынақтар жақын уақытта стендте және Ил-76 ұшатын зертханасының базасында өтеді.

Конструкциясы бойынша ҚА ПАК қазір қолданыста бар қашықтықтан бомбалаушы ұшақтардан айтарлықтай ерекшеленеді. Мұнда заманауи және перспективалы материалдар, жаңа технологиялар қолданылған. Соның ішінде көзге түсу деңгейін төмендетуге ерешке назар аударылды: радио сигналын бөгеттейтін жабын, конструкция элементтері, планердің геометриялық пішіні, қару-жараққа арналған ішкі бөлімдер.

Машинаға архитектурасы ашық жаңа авионика орнатылады. Ол болашақта модернизацияны жеңілдетеді. Борт кешені мыналардан тұрады: зымыран қаруын, жаһандық навигациялық спутник жүйесінің спутниктік навигациясын, жергілікті аумақтағы жер бедерін автоматты түрде айналып өтуді, көпарналы байланысты басқару. Сондай-ақ бомбаларға төтеп беретін радиолокациялық станция мен оптика-электронды бомбалаушы нысана да қарастырылады.

Көптеген жүйені айналадағы кеңістікті автоматты шолуға арналған бірыңғай кешенге біріктіру ықтималдылығы жоғары. "Интеллект" ҚА ПАК қарсыластың кез-келген радиолокациялық станцияларын анықтайды және жіктейді де, РЭК құралдарын, пассивті ИҚ-тосқауылдарын тиімді қолдануды қамтамасыз етеді.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының басталуы мен тәжірибелік ҚА ПАК құрастыру басталуы арасында он жылға жуық уақыт өтті. Бұл күрделі жоба үшін қалыпты мерзім. Оның құрылысына шамамен екі жыл кетеді. Одан кейін жердегі және әуедегі сынақтар басталады. Егер жобаның алдында ескерілмеген қандай да бір қиындықтар туындамаса, сериялық өндіріс жоспарға сәйкес 2027 жылы басталады. Әйтсе де бұл істе асығыстық танытудың қажеті жоқ. Бастысы – сапа. Себебі ҚА ПАК бірнеше онжылдықтар бойы қолдану үшін дайындалып жатыр.

Немістердің Stern басылымы былай деп жазды: "Жаңа бомбалаушы ұшақтар кезең-кезеңмен шағын партиялармен шығарылады. Осылайша әр кезең сайын жаңа үлгіні жетілдіре отырып дайындауға болады. Кремль "Армата" Т-14 жауынгерлік танкіне қатысты осы қағиданы басшылыққа алып отыр. Ал АҚШ F-35 ұшағын құрастыру кезінде бірден ауқымды патрияға кірісіп, жобаның ақауларымен әлі де күресіп келеді".

Космостық тосқауыл

Ресейлік жаңа "стратегтің" қолдану аясы кең. ҚА ПАК ұзақ уақыт бойы бір ауданда жауынгерлік патрульдеу режимінде бола тұра он километр қашықтықтағы екінші ауданда қару қолдана алады. Кейбір сарапшылар қарсыластың әуедегі шабуылдан қорғану жүйесінен тыс аудандарда соққы жасауын жоғары бағалап отыр.

ҚА ПАК-ты соғыс кезінде қолдану тактикасы әлеуетті қарсыластың радардағы көріну деңгейіне және зымыран қаруының қашықтығына байланысты болады. Қазір қолданыстағы ұшақтардың гипердыбысты жылдамдығын есепке алсақ, онда "стелс" технологиясы ешқандай рөл ойнамайды. Себебі "стратег" әуедегі шабуылдан қорғану жүйесінің әрекет ету аумағынан тыс соққы жасай алады.

Бүгінде тек Ресей мен АҚШ-та ғана стратегиялық авиация түріндегі әскери-әуе күші бар. Қытай да қалыспай келеді. Америкалық Northrop Grumman компаниясы 2017 жылдан бері ҚА ПАК-қа ұқсас Б-21 "Рейдер" ұшағын құрастырып келеді. Пентагон бұл машина 2021 жылы жердегі сынақтан өтеді деп жоспарлап отыр. Алғашқы ұшу 2022 жылы орындалуы керек. Бір ұшақтың құны шамамен 600 миллион долларды құрайды. АҚШ қорғаныс министрлігінің болжамы бойынша қытай "ұшатын қанаты" – Н-20 2021 жылы сәйкес сынақтардан өтеді. Оның пайдалы жүк көтерімділігі 10 тонна және ұшу қашықтығы 8 500 шақырымды құрайды. Жалпы "стратегтердің" соғысы конструкторлық бюрода, жерде және әуеде де жалғасып жатыр.

Кілт сөздер:
қару-жарақ
Загрузка...

Басты тақырып