03:34 27 Қазан 2020
Тікелей эфир
  • USD429.59
  • EUR507.30
  • RUB5.62
Колумнист
Қысқа сілтеме алу
436520

Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру жайы былтырдан бері қозғалып жүр

Айлығы шайлығына жетпейтін қазақстандықтар үшін бұл жаңалық қараңғы туннельдің соңындағы үміт сәулесіндей көрініп еді. Алайда бөркін аспанға атқан ел-жұрттың қуанышы су сепкендей басылды.

Еңбек министрлігі жыл басында 113 мың қазақстандыққа ғана зейнетақы жинағын шешіп алуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. 30 жастағы ер адамдардың шотында кемінде 6 миллион, ал әйелдерде 9 миллион теңге болуы шарт еді. Есеп-қисап жасау кезінде министрлік әйелдердің ерлерге қарағанда көбірек өмір сүретінін есепке алыпты.

Мемлекеттік органның бұл ұсынысы экономистердің де, қарапайым халықтың да ашуына тиді. Елдегі орташа жалақының 200 мың теңгеден сәл ғана асатынын ескерсек, отыз жастағы салымшының шотына 9 миллион қайдан келсін?!. Билік осы арқылы халыққа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшадан үміт үзіңдер дегісі келгендей еді.

Осылайша зейнетақы жинағына қатысты алғашқы ұсыныстар қоғамның сынына ұшырады. Бұл мәселеге президент те араласты. Міндет – зейнетақы жинағының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болатын азаматтардың санын арттыру. Арада жеті-сегіз айтты. 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жария етті. Басты жаңалық – 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат ету. Үкімет пен парламентке жыл соңына дейін заңнамалық өзгерістерді әзірлеп, қабылдау тапсырылды. Зейнетақы жинағы баспанаға, емге немесе сенімгерлік басқаруға беріледі.

Барша халықты мазалаған ендігі сұрақ – жинақты алу үшін шотта кемінде қанша ақша болуы керек? Еңбек министрлігі ұзақ күттірген жоқ, әр жас үшін жеткіліктілік шегінің мөлшерін жария етті.

Жаңа есептеулерге сәйкес, зейнетақы жинағын пайдалана алатын бақытты қазақстандықтардың тізімі 6 есеге, 721 мыңға дейін көбейген. Жеткіліктілік шегі де әжептәуір төмендеген сияқты еді. Бірақ, бұған қуанған халықты байқамадық. Елдің көңіл-күйі жоқ, жабырқау. Қарапайым халықтың емес, тағы да сол баяғы бай-бағландардың сойылын соққан билікке өкпелі. Ренжитін жөні бар – зейнетақы шоты бар салымшылардың басым бөлігінде зейнетақы жинағы жеткіліктілік шегінен аспақ түгілі, маңына да жақындамайды.

Мәселен, 20 жастағы азамат жинағының бір бөлігін алғысы келсе, шотына ең кемі 1 миллион 720 мың теңге жиналуы шарт екен. Оқу орнын енді ғана тәмамдаған адамға мұндай ақша қайдан келеді? Еңбекке 18 жастан бастап араласқан күннің өзінде, айналдырған екі жылдың ішінде екі миллион жинау мүмкін емес. Жоғарыда аға-көкесі бар бай баласы болмаса, әрине. Екі жылда 1 миллион 720 мың теңгені жинау үшін жалақың 750-800 мың теңгеден кем болмауы керек. Осыдан-ақ, жеткіліктілік шегінің мөлшері халықтың 80-70 пайызы үшін тым жоғары екені көрінеді.

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: кім, қашан және қалай жұмсай алады

Экономистердің айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне ие болғандардың саны БЖЗҚ салымшыларының 10%-іне де жетпейді. Ал бұл он процент – басында баспанасы бар дәулеттілер деп топшылауға әбден негіз бар.

БЖЗҚ бір есебінде салымшылардың 70%-іне жуығында зейнетақы жинағы орташа есеппен 1 миллион теңге екенін, ал 97%-інде ақша 5 миллионнан да аспайтынын мәлімдеген еді. Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшері де әртүрлі.

Мемлекеттік органдарға осы мәселелерді електен өткізіп, жеткіліктілік шегін тағы бір қарастырған жөн болар еді. Әйтпесе, шекті сома дәл осы күйде қалса, көмекке мұқтаж қазақстандықтардың саны артпаса, азаймайтыны аян.

Зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру арқылы мемлекеттің өз көздегені де бар. Коронавирус пандемиясы ел экономикасын әбден тұралатты. Жұмыссыздық, жалақының қысқаруы, бюджет түсімдерінің азаюы. Халықтың төлем қабілеттігі төмендеді. Қолдарында ақша жоқ. Ақша болмаған жерде сұраныс болмайды. Сұраныс болмаса, экономика жұмыс істемейді.

Зейнетақы шотындағы ақшаға рұқсат беру – ел экономикасының тамырына қан жүгіртудің бір жолы.  Сарапшылар азаматтардың дені жинақты баспанаға жұмсайтынына сенімді. Бұл дегеніміз, тұрғын үйлерге сұраныс артып, құрылыс саласы жанданады деген сөз.  Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұның да теріс әсері бар: баспана бағасы күрт шарықтап кетуі мүмкін.

Баспанадан бөлек, зейнетақы жинағын ипотеканы өтеуге немесе қайта қаржыландыруға рұқсат етілді. Экономистер мемлекет осы арқылы банктерге қол ұшын созудың тағы бір жолын тапқан сыңайлы деп отыр. Билік бұл уәжбен келіспейді, әрине.

Зейнетақы жинағын мақсатты түрде жұмсауға рұқсат беру көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға септігін тигізуі мүмкін. Жаңа бастама өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жалақысын "конвертпен" алатын жұмысшыларды ынталандыруы мүмкін. Олар "жарыққа" шықса, ел қазынасына қосымша түсім түседі. Ал пандемия кезіндегі дағдарыс жағдайында мемлекетке әр тиын қымбат.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға беру қазақстандықтардың БЖЗҚ-ға деген сенімін арттырудың және зейнетақы жинағына көзқарасты өзгертудің таптырмас жолы екенін де ескерген жөн. Зейнетақы қорының төңірегіндегі даулардан кейін, халық шотқа аударылатын ай сайынғы 10 процентті қамсыз қарттықтың кепілі емес, мәжбүрлік ретінде көретіні жасырын емес.  

P.S. Жаңа бастаманың шикі тұстары көп-ақ. Әйтсе де, қаңтарға дейін екі-үш ай уақыт бар. Зейнетақы жинағын алуға рұқсат бергеннен кейін, қартайғанда алатын ақша өмір бойғы бейнеттің зейнетін көруге жетпей қалады деген де қауіп бар. Бұл мәселені шешудің бір жолы – азаматтардың жалақысын өсіру. Бастысы – "артық қыламын деп тыртық қылмау".     

Автордың көзқарасы Sputnik Қазақстан редакциясының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Тақырып бойынша

Nur Otan партиясы зейнетақы жинағының бір бөлігіне салық салмауды ұсынды
Экономист баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын алуға рұқсат беруді ұсынды
Кілт сөздер:
зейнетақы
Загрузка...

Басты тақырып