"Денесін бөлшектеп тастаған": Қарағанды облысындағы сұмдық қылмысқа не себеп болды

© Sputnik / Табылды КадырбековРука человека
Рука человека - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2014 жылы 9 мамырда Сәтбаев қаласының ішкі істер басқармасына хабарласқан әйел көршілердің шулап жатқанына арызданды

"Олар қатты айқайлады, одан кейін жанжал болды, артынан біртүрлі қырылдаған дауыс шықты", - деді ол. Шұғыл тергеу тобы осы ақпаратты тексеру үшін бірден айтылған мекенжайға аттанды.

Бір үйге екі рет шақырды 

Полицейлер шу шығарған көршілердің пәтеріне жылдам жетті. Есікті ешкім ашқан жоқ. Бірақ бірнеше минуттан соң, бір әйел шығып, жылы амандасқаннан кейін киім ауыстырғанын, сол себепті есікті сәл бөгеліп ашқанын түсіндірді. 

Тергеушілер пәтерді жылдам қарап шықты. Алайда ештеңе таппады. Үй жиналып тұрды. Құқық қорғаушылар, шынымен де, ұйқыда жатқан пәтердің иесін мазалап қойдық деп ойлады. Есікті ашқан әйел болса, түнде достарымен бірге ішкенін және сәл-пәл шулағанын жеткізді. Көршілерге де естілген шығар. Бірақ полицейлер келер алдында үйде болған қонақтардың бәрі тарап кеткен. Тәртіп сақшылар ештеңе таппады. Бірақ Елена Порошковаға ескерту жасап кетті.

Көршілер тағы полицияны шақырса, түнгі уақытта тыныштық сақтамағаны үшін айыппұл төлеуге тура келетінін айтты. Алайда келесі күні Ұлытау көшесіндегі үйдің тұрғындары полицияға тағы қоңырау шалды. 

Бұл жолы тұтқаның арғы жағына ер адамның дауысы естілді. Оның айтуынша, таңғы сағат бестің шамасында асүйде темекі шегіп тұрғанда терезеден екі қызды көріп қалыпты. Екеуі далаға үлкен сөмкені алып шыққан. Сосын әрең дегенде күл-қоқыс контейнері апарды да, ішіне тастай салды. Артынан өрттеп жібергісі келген. Бірақ ер адам айқайлап ұрысқаннан кейін екі қыз ала сөмкені қайта алып шықты да, үйдің кіреберісіне көтеріп алып кетті. Екеуінің әрекетіне күдіктенген ер адам бірден полицияға хабарласқан. 

Осылайша, бір тәуліктің ішінде бір үйден екі рет хабар түсті. Бірақ осы жолы қоңырау шалған ер адам пәтердің нөмірін білмеді. Полицейлер болса, үйдің айналасын тінтіп шықты. Ал кіреберісте қанға ұқсас іздерді тапты. Оны жасыру үшін біреудің еденді жақсылып тұрып жуғаны да анық байқалды.

Тоңазытқыштан бөлшектенген адам мәйіті табылды

Шұғыл-тергеу тобының қызметкерлері қан іздерінің қай жерден басталатынын бірден анықтады. Ол - 38-ші пәтер. Дәл сол үйге полицейлер көршінің арызы бойынша келіп кеткен. 

Осы жолы есікті тағы Елена Порошкова ашты. Әйел еш қобалжымай, барлық сұрақтарға сабырлықпен жауап берді. Үйде Ирина Иконникова деген сіңлісі де болыпты. Бірақ ол ұйықтап жатқан. 

Үйдің иесі тергеушілерді тағы кіргізіп, пәтерді қарап шығуға рұқсат берді. Полицейлер осы жолы да ештеңе таппады. Үйдің іші тап-тұйнақтай жиналып тұрды. Алайда тергеуші мамандар бір бөлмеден қанның іздерін тауып алды. Елена кідірген жоқ. Қан іздерінің қайдан шыққанын айтып берді. Сөйтсе, үйдің иесі өзі емес, ағасы екен. Егде жастағы ер адам мас болып келген. Содан жанжал туындап, арты төбелеске ұласты. 

"Төбелес кезінде ағамның қолы ма, аяғы ма, қанап кеткен. Содан қалған қанның іздері ғой. Ағамның өзі төбелестен кейін кетіп қалды. Қайда кеткенін де айтпады", - деді Елена.        

Шынымен де, пәтерде қанның іздерінен басқа ештеңе болмады. Бірақ жас тергеушелердің біреуі маңызды бір нәрсені байқап қалды. Асүйдегі тоңазытқышты скотчпен орап тастаған және есігін қабырғаға қаратып қойыпты. Құқық қорғаушылар бірден тоңазытқышты айналдырып, есігін ашты. Ашты да, абдырап қалды. Ішіне үй иесінің бөлшектенген денесін тығындап қойыпты. Аяқ-қолын кесіп тастаған. Мойнында пышақтың үлкен ізі болды. Шамасы, басын да кесіп тастамақшы болған. Жауаптан қаша алмайтынын түсінген Елена Порошкова оқиғаның мән-жайын айтып берді. 

Қыздың туыс екенін "ұмытты" 

Үйдің иесі Евгений Ковалев, шынымен де, Еленаның ағасы болып шықты. Өзі екінші топтағы мүгедек болған. Ішімдікке жиі салынатын. Содан бауыры кейін аяғы ауырып, мүгедек санатын алды.

Елена Порошкова мен Евгений Ковалев жақын араласқан жоқ, ара-тұра телефон арқылы сөйлесіп тұратын. Еленаның өзі күйеуімен ажырасып кеткеннен кейін ата-анасының үйінде болды. Алайда балаға қарамай жүрді. "Күнде жиын, күнде той" деп, өзін ғана ойлады. Ата-анасы үнемі ескерту жасап жүрді. Ақырында Елена олармен ұрсысып, қызын тастап кетті. Сөйтіп, ағасының үйіне барған. Уақытша тұруға өтініш жасады.

Евгений жалғыз өзі тұрған. Әйелі болмағаннан кейін үйдің іші шашылып жататын. Содан Елена келгенде бірден келісті. Бірақ бара-бара оған туыс болып келетінін ұмыта бастады. Жыныстық қатынасты қалады. Елена қарсы болды. Бірақ ер адам қайтқан жоқ. Ақыры қарындасын зорлап тынды. Ал келіншектің ешкімге шағымданбағанын түсінгеннен кейін ойына келгенін істей бастады.

Қылмыс қалай жасалды?

2014 жылы 9 мамыр күні Елена үйге таңға таман келді де, бірден ұйықтап кетті. Алайда біршама уақыттан кейін оянды, себебі тынысы тарыла бастады. Сөйтсе, Евгений Ковалев жиеннің үйге кіргенін естіп, жыныс құмарлығына еркіндік бергісі келіп кетті. Қыз егде жастағы ағасына қарсылық көрсете алмады.

Күндіз сіңлісі Ирина келді. Екеуі бір шиша арақ ішіп отырғанда Елена таңғы уақытта болған жағдайды айтып берді. Бірақ сіңлісі қатты мас болып қалды да, ұйықтап кетті. Ал бірнеше сағаттан кейін олардың ағасы Евгений Ковалев келді. Ол да қатты ішіп алып, тағы тән құмарлығын іздей бастады. Ағасының арсыз әрекеті қыздың шамына әбден тиді.

Тағы оқыңыз: Кәсіпкерді отбасымен қырып салды: БҚО-дағы қылмыстың мән-жайы белгілі болды

"Біз қайтадан ұрсысып қалдық. Мен оны итеріп жібердім. Ол төсекке құлады. Сөйтіп, жүгіріп барып, жастықты алдым да, үстіне мініп алып, бетіне бастым. Оны өлтіремін деп ойлаған жоқпын. Жай, қорқытайын дедім. Менің де күшім бар деп, жауап бере алатынымды көрсеткім келді. Жастықты қанша ұстағанымды білмеймін. Бірақ алып тастағаннан кейін оның өліп қалғанын түсіндім", - деді Порошкова. 

Дәл сол кезде көршілердің арызы бойынша полицейлер келіп, есікті қаққан. Елена жалма-жан ағасының денесін жерге түсіріп, кереуеттің астына тығып қойды. Сөйтіп, ұйықтап тұрдым деп, полицейлерге есік ашты. Сол кезде тергеушілер ештеңе таппай кеткен.

Бір жылдан кейін бостандыққа шығады 

Полицейлер келіп кеткеннен кейін Елена ағасының мәйітін жасыру жолдарын ойластыра бастады. Жалғыз оның денесін шығара алмайтынын түсінгеннен кейін сіңлісін оятты. Екеуі мәйітті бөлшектеп шығаруға уағдаласты. 

Елена "қара жұмыстың" бәрін өзі істеді. Ол 12 сағат бойы түкпірдегі бөлмеде ағасының денесін бөлшектеді. Арасында үзіліс жасап, темекі шекті, арақ ішті. Ақыры екеуі ер адамның бөлшектенген денесін үлкен сөмкелерге салып, күл-қоқыс контейнеріне шығарғысы келді. Үстінен от қойсақ, ештеңе қалмайды деп ойлады. Бірақ оларды ұйқысы қашқан көршісі көріп қалды. 

Тергеу кезінде Елена бұл қылмысқа ағасынан көрген қорлығынан кейін барғанын айтумен болды. Сотта да өзін барынша ақтап шығуға тырысты. Тіпті, ата-анасына қайта барғысы келгенін де жеткізді. Бірақ нәтиже шықпағасын ағасының қорлығына шыдауға мәжбүр болған. 

Елена Порошкованың ісі ұзақ қаралды. Судья шешім шығарғанда барлық уәждерді ескеруге тырысты. Еленаға жеті жыл берді. Келесі жылы ол бостандыққа шығады... 
(Материалда адамдардың аты-жөні өзгертілді…)

Жаңалықтар
0