16 рет пышақ сұққан: шымкенттік мұғалімді кім және не үшін өлтірді

© Sputnik / Абзал КалиевОграбление, иллюстративное фото
Ограбление, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2015 жылдың көктемінде Шымкенттегі үйлердің бірінде Анжела Мун есімді 45 жастағы мұғалімнің денесі өз пәтерінен табылды. Қылмыскер әйелді асқан жауыздықпен өлтірген: 16 жерінен пышақ сұққан. Қарапайым мектеп мұғалімі кімнің жолын кесті?

Алғашқы болжамдар

2015 жылы 1 сәуірде Шымкент қаласының аудандық полиция бөлімшесіне кешкісін ер адамнан қоңырау түскен. Ол әйелін өлтіріп кеткенін хабарлайды. Жұмыстан келген отағасы 45 жастағы Анжела Мунның мәйітін тапқан.

Тергеу тобы қоңырау түскеннен кейін санаулы минуттарда оқиға орына жетеді. Марқұмның денесі кіреберісте жатқан. Полиция қызметкерлері қанжоса болған әйелдің пышақ жарақатынан көз жұмғанын көп уақыт өтпей-ақ анықтады.

Ең алдымен полиция пәтердің есігін тексерген. Құлыптың бұзылмағанын көрген тәртіп сақшылары әйел қылмыскерді өзі үйге кіргізген деген болжам жасайды. Яғни, ол Анжеланың танысы болуы мүмкін. Полиция бұл болжамның дұрыстығына Анжела Мунның күйеуімен сөйлескеннен кейін көз жеткізеді. Оның айтуынша, Анжела ешқашан бөтен адамды үйге кіргізбеген. Барлығына күмәнмен қарап, сақтанып жүретін адам еді.

Тергеу тобын таңғалдырған тағы бір жайт - үй іші ұрлық жасалғаннан кейінгі жағдайға ұқсамайды. Барлық зат өз орында тұр, қылмыскердің бағалы зат іздегені байқалмайды.

Сондықтан бірінші кезекте полиция қылмыс тұрмыстық жағдайға байланысты жасалған деген тұжырымға келеді. Ал марқұмның күйеуі басты күдіктіге айналды. Ерлі-зайыптының арасында жанжал шығып, соңы пышақ ала жүгірумен аяқталуы мүмкін.

Алайда полицейлер бұл болжамнан көп ұзамай бас тартты, өйткені отағасы қылмыс жасалған уақытта жұмыста болған және мұны ондаған адам растап отыр. Әрі көршілері мен туыстарының айтуынша, ол Анжеланы жақсы көрген. Тойды да жақында өткізген екен.

Әйтсе де, үйді мұқият тексерген кезде қылмыскердің бағалы заттарды алып кеткені анықталды: 13 мың теңге, ноутбук, планшет пен марқұмның ұялы телефоны. Дегенмен, полиция бұл заттарды қылмыскер тек ұрлық секілді көрсету үшін алуы мүмкін екенін естен шығармады.

Қылмыскерді мектеп оқушысы көрген

Көршілермен сөйлескеннен кейін бірнеше жайт анықталды. Осы үйде тұратын оқушы қыз кешкі уақытта Анжела Мунның бейтаныс жас жігітпен бірге кіргенін көрген.

Куәгер ол уақытта інілерімен бірге аулада жүрген. Әйелдің жұмыстан келгенін көрген, иығына асып алған ноутбуктың қызыл сөмкесін байқайды. Ал келіншектің соңынан 20-22 жастағы кәріс жігіт подъезге кірген. 20 минуттан кейін ер адам бірнеше сөмкемен шығады. Оның ішінде Анжеланың қызыл сумкасы да бар.

Тағы оқыңыз: Басын кесіп тастаған - Риддерде жас қыз жантүршігерлік қылмыс жасады

Оқушы қыз жігіттің шалбарындағы қанды көріп қалады. Ол бір сұмдықты сезеді де, жігітті аңдып, көлігінің мемлекеттік нөмірін қарап алады.

Полиция үшін көлік иесін табу қиындық тудыра қойған жоқ. Оның сол күні бизнес жұмыстарына байланысты басқа қалада болғаны анықталды. Көлігін сенімхатпен 20 жастағы ұлы Тимур Кимге тастап кеткен.

Полиция жігітті бірден қолға түсірді. Алайда ол 1 сәуірде достарымен бірге болғанын және қылмыс жайлы естімегенін айтты.

Қылмыскерге ұқсамайды

Тергеушілердің айтуынша, Тимур қылмыс жасайтын адамға мүлде ұқсамайды. Орта бойлы, көзілдірік тағатын, сырттай үнемі салмақты жүретін ол адамдарды өзіне бірден баурап алады.

Десек те, полиция жігітті жіті тексеруге міндетті, сондықтан оның үйінде тінту жүргізеді. Іздеу барысында марқұмның үйінен жоғалған заттар табылды. Әрі қарай ақталудың орынсыз екенін түсінген Тимур қылмысын мойындады.

Алайда келесі күні күдікті психикалық ауытқуы бар адамша сөйлей бастаған. Бұл жолды біреу айтты ма, әлде өзі ойлап тапты ма, ол жағы белгісіз. Күдікті тергеу барысында видео ойындардың әсерінен қылмысқа барғанын айтты. Ол сүйікті ойынының кезекті деңгейін өтіп жатыпты, ал ойын шарты бойынша өзі қалаған кез келген адамды өлтіре алады.

Айыпталушы бұл әрекетімен кімді алдамақ болды? Сот-психиатриялық сараптама нәтижесінде сарапшылар жігіттің есі дұрыс екенін бірден анықтады.

Анжела мен Тимурды не байланыстырды

Күдікті ұсталды, енді Анжела мен Тимурды не байланыстырғанын анықтау ғана қалды. Полиция екеуінің таныс болғанына сенімді еді.

Тимур Ким – ана-анасының махаббатына бөленіп өскен ерке бала. Жағдайы жақсы отбасыда ер жеткен. Мектепті бітірген соң ата-анасының көмегімен жоғарғы оқу орнына түседі. Жігіттің туыстары мен ата-анасы оған жалақысы жақсы жұмыс тапқан, бірақ Тимурдың жұмыс істеуге құлқысы болмады.

Туыстарының қонақүйінде ол өзін бастық санаған, жұмысқа үнемі кешігеді немесе мүлде келмейді. Қызметкерлермен сөйлескенде менмендік танытатыны тағы бар.

Сөйтіп, Тимур тез байып кетудің жолын ойластыра бастайды. Ақшаны тек еңбекпен ғана емес, ұрлап алуға немесе әлсіздеу біреуден тартып алуға болады емес пе?

Мұғалімдер

Әуелі Тимур Кимнің таңдауы қарындасының мұғаліміне түседі. Шетел азаматы Феона Шымкентке АҚШ-тан келген, қалада жалғыз тұрып жатқан. Жігіт америкалық бойжеткеннің үйінде бағалы заттар пен ақшаның көп екеніне сенімді болады.  

Тағы оқыңыз: "Балталап тастадым" - павлодарлық қанішердің өлер алдындағы ашық әңгімесі

Сондай-ақ Тимур Анжела Мунды да өз құрбаны ретінде қарастырады. Ол 45 жастағы мұғалімнің қызымен жақын таныс болған. Анжеланың астанадағы жақсы оқу орнында білім алып жатқан қызының оқу ақысын төлейтінін де хабардар. Содан бұл мұғалім де қалталы деген тұжырым жасайды.

Алайда ол марқұм әйел қарапайым өмір сүргенін білген жоқ. Ал елордадағы университетте оқитын қызы өз күшімен грантқа түскен.

Қаскөй Анжела жалғыз тұрады деп ойлайды. Оның бірнеше ай бұрын тұрмысқа шыққанын білмеген.

Қылмыскер әуелгі ойынан неге айнып қалды

1 сәуір таңертең Тимур Ким жеті жарымда оянып, қарындасын мектепке апарады. Үйге келген соң бұрыннан ойлап жүрген жоспарын іске асыратын уақыт келді деп шешеді.

Мұғалімдер жұмыстан кешке қарай қайтатынын білетін Ким америкалық Феонаның үйіне сағат төрт шамасында келеді. Мұғалімді қорқытпақ ниетпен үйінен пышағын ала шығады. Бірақ Тимур көп ұзамай бұл ойынан айнып қалды, өйткені үйдің кіреберісінде бейнебақылау камерасы орнатылғанын көріп тәуекел етпеген.

Десек те, қылмыскер жоспарын соңына дейін жеткізу керек деп шешеді. Сөйтіп, ол көлігіне мініп, екінші мұғалімнің үйіне барады.

Тимур Анжеланың үйіне кіру жолын мұқият ойластырып қойған. Ол марқұмның қызы Нұр-Сұлтан қаласында оқитынын, анасы ай сайын қызына сәлем-сауқат жіберетінін жақсы біледі. Осы жағдайды пайдалануға бел буған жігіт үйінен бос қорап пен мұздатылған ет салынған пакет ала шығады. Қызының танысы оған сыйлық алып келгенін көрсе, үйіне кіргізетініне сенімді болған. Ақыры ойлағаны іске асты.  

Анжеланы неге өлтірді

Құрбанын Тимур Ким көпқабатты үйдің алында күтеді. Сол күні мұғалім мектептен кеш шыққан. Тимурдың мазасы кете бастайды, сонда да арам ойынан айнымайды. Үйге жақындаған әйелді көрген кезде іске кіріседі.

Тимур Анжелаға жақындап келіп, қызының досы ретінде танысады. Үнемі сақ жүретін әйел осы жолы қылмыскерді үйіне кіргізеді. Тіпті қызының достары оны ұмытпағанына риза болған ол шайға шақырған. Дәл сол сәтте Тимур бірден өзгеріп сала береді.

Сөмкесінен пышағын шығарып, үйдегі бағалы заттарды бер деп қорқытады. Бірақ Анжела оған ештеңе бермейтінін айтып, үйден шығып кетуін талап етеді.

Бірақ Тимур пышағын ала әйелге ұмтылады. Осы кезде айғайға басқан келіншектің дауысын көршілері естіп қояды деп қорыққан қылмыскер оған қайта-қайта пышақ сұғады. Ол Анжела жерге құласа да, пышақ сұғуын тоқтатпайды. Керісінше жәбірленушінің үстіне отырып алып, пышақтай береді.

Әйелдің өлгеніне көз жеткізген соң ол пәтердің ішінен бағалы заттар іздей бастайды. Ал ер адамның костюмін көрген кезде Анжеланың жалғыз тұрмайтынын түсінеді. Сағат кешкі жетілер шамасы, әне-міне дегенше күйеуі үйге келуі тиіс. Тимур көзіне түскен бағалы заттарды алып, пәтерден тездетіп шығып кетеді. Асыққаны соншалық, аулада інілерімен ойнап жүрген қыздың оны көргенін байқамай қалады.

Сот шешімі

Күдіктінің пәтерінен табылған заттар оның Анжела Мунның өліміне қатысы бар екенін дәлелдеуге жеткілікті. Сондықтан тергеу барысында Тимур Ким кінәсін мойындап, әйелді қалай өлтіргенін айтып берді.

Бірақ сот-психиатриялық сараптаманың нәтижесі Тимурдың есі дұрыс екенін көрсетсе де, ол қылмысты видео ойынның әсерінен жасағанын айтудан жалықпады.

Әйтсе де, судья шешім шығарған кезде оның сөзіне емес, айғақтар мен сарапшылардың қорытындысына сүйенді.

Анжела Мунды асқан жауыздықпен өлтіргені үшін Тимур Ким 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тағы оқыңыз: Күйеуін өлтіріп, анасының қабіріне көмген - елордалық әйелдің қылмысы

Жаңалықтар
0