АЛМАТЫ, 19 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтанда Боталы көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Төтенше жағдай 19 қарашада болды. Сағат 15:29-да төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшесі Боталы көшесі, 26 мекенжайына шықты.
"Өрт сөндірушілер келген соң 18 қабатты "Европейский" тұрғын үй кешенінде №1 кіреберісте 10-нан 18-қабатқа дейін шахтада электр сымдары жанғаны анықталды. Жалын сағат 16:14-те оқшауланып, 16:17-де сөндірілді", - деп хабарлады елорданың төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.
Өрт сөндірушілер 6 адам, оның ішінде 5 баланы эвакуациялады. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Оқиға орнына департаменттің жеке құрамынан 22 адам мен алты техника жұмылдырылды.
Куәгерлердің айтуынша, өрт шыққан үйден көмек сұраған адамдардың даусы естілген. Қазірге дейін зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.