Елорда тынысы

Айына – 5 мың теңге: елордада арзан пәтерге өтінім қабылдау басталады

CC0 / / Пәтер кілті, архивтегі сурет
Пәтер кілті, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.11.2021
Жазылу
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау сегіз күнге созылады

НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 4 қарашадан бастап жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерге өтінім қабылдау басталады.

Құжаттарды 4 қараша 9:00-ден бастап 11 қараша 23:59-ға дейін тапсыруға болады.

Жұмыс істейтін жастарға арендалық баспана тек 5 жылға беріледі. Пәтерді ай сайын жалдау ақысы: 5 000 – 15 000 теңге.

Құжат тек электронды түрде qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы қабылданады. Өтінімнің қаралуына қарай онда көрсеткен телефон нөміріне өтінім статусы туралы смс-хабарлама жолданады:

  • жұмысқа қабылданды (бағдарламаның шарттарына, құжаттардың толық тізбесіне сәйкес келсеңіз);
  • түзету қажет (сіз ұсынған құжаттар толық емес немесе сапасыз, тағы басқа);
  • қабылданбайды (бағдарлама шарттарына сәйкес келмесеңіз).

Бағдарламаға кімдер қатыса алады

  • 29 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы;
  • орта/арнайы орта/жоғары/жоғары оқу орнынан кейінгі білімі және ресми жұмысы бар;
  • Нұр-Сұлтан қаласында кемінде соңғы екі жыл тұрақты тіркеуде тұру;
  • өтініш беруші мен отбасының қалған мүшелерінің меншігінде баспана болмауы керек;
  • төлем қабілеттілігін растау (ай сайынғы табыс – кемінде 116 680 теңге немесе соңғы 6 айда 40 АЕК).

Өтінім беруші, ең алдымен, ЭЦҚ кілтін алуы қажет, ал тізімдегі анықтамалар өтініш берген сәтте 10 күннен кешіктірілмей алынуға тиіс. Бағдарламаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет екені мына сілтемеде көрсетілген.

Құжат тапсырған азаматтар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі:

  • отбасылы болса  – 5 балл, некенің әр жылы үшін – 2 балл;
  • бала болса – 1 балл, келесі әрбір бала үшін – 2 балл;
  • бюджеттік ұйымдардағы (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда) еңбек қызметі үшін – 5 балл, еңбек өтілінің әр жылы үшін – 1 балл;
  • нарық сұранысына ие 100 мамандықтың бірін игерген өтініш берушіге – 10 балл;
  • кемінде 1 жыл жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
  • өтініш берушінің әртүрлі қызмет саласында жеке жетістіктері болса (кәсіби саладағы жетістіктері ескеріледі) – 2 балл;
  • банктердегі жинағының әрбір жылы үшін – 2 балл.

Сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық баспанаға қатысты барлық сұрақ бойынша 109 (ұялы телефоннан тегін) колл-орталығына және 8-700-725-17-32 нөміріне хабарласуға болады.

Жаңалықтар
0