НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтанда дәстүрлі білім беру форматын қалпына келтіру үшін оқушыларды вакциналау мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз дәрігерлермен ақылдасып жатырмыз. Жастарға да вакцина салуымыз мүмкін. Әзірге біздегі талап бойынша 18+, бірақ Еуропа мен Израильде мектеп жасындағы балаларға да салынады. Біз болсақ, алдымен педагогтарды вакциналаудан өткізуіміз керек", — деді Көлгінов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, барлық педагог вакцина салдырғаннан кейін мектептерді ашуға болады.
"Балалар да, ата-аналар да мектепті сағынды. Егер медициналық тұрғыда екпе салуға болмаса, педагогтар вакциналаудан босатылады", - деп атап өтті әкім.
Тегін тамақ ішеді: Вакцина алған студенттер мен оқытушыларға бірнеше жеңілдік жасалады
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 18 жастан бастап салынады. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа оқу жылынан бастап мектептерді дәстүрлі жұмыс форматына дайындауға тапсырма берді.