Елорда тынысы

Нұр-Сұлтан тұрғындарына енді Бурабайға барудың қажеті болмайды – бас архитектор

Есіл жағасындағы саябақ - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Жазылу
Нұр-Сұлтанның сол жағалауы жаяу жүргінші үшін қолайсыз екені рас па? Жасыл-сулы бульвардың төбесі жабыла ма? Кіші Талдыкөл құрғатыла ма? Елорда орталығының қай жерінде орман пайда болады? Осы және басқа да мәселелер туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Коронавирус пандемиясы Нұр-Сұлтанның архитектуралық дамуына қалай әсер етті, неге кейбір тұрғын үй кешендерінің аулалары өте тар және елорданың коммуналдық жүйесі неге жүктемені көтере алмайды – бас қаланың архитектура басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев Sputnik Қазақстан-ға берген сұхбатта осы сұрақтарға жауап берді.

© Sputnik / Сергей КимНұр-Сұлтан қаласының архитектура басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев
Нұр-Сұлтан тұрғындарына енді Бурабайға барудың қажеті болмайды – бас архитектор - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Нұр-Сұлтан қаласының архитектура басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев

– Нұрлан Телманұлы, елордада күмбез құру бойынша жоспар туралы айтып беріңізші. Осы жобаны іске асыру қандай сатыда тұр?

– Бұл идея 2017 жылы айтылған болатын. Бүкіл елордада емес, күмбез сулы-жасыл бульварда пайда болады. Бір кездері инвесторы осы аумақты күмбезбен жабу туралы, бульвардың шатыр астында тұруы туралы ұсыныс жасады. Өткен жылы инвесторлардың бірі оны іске асырмақ болды. Бірақ пандемия кедергі болып қалды.

Әрине, біз қалада қысы-жазы емін-еркін серуендеуге болатын мұндай жабық бульвар болатынына қуанамыз. Бұл елорда үшін қызықты жоба болар еді.

Барлығы инвесторға, оның бұл жобаны өзі үшін табысты деп санауына байланысты. Оның ішінде адамдарды қызықтыратын орындар құру қажет. Мысалы, фуд-корт.

Кейбір адамдар бізге күмбез не керек, одан да мектеп салыңдар дегенді айтып жатыр. Бұл жағдайда ақшаны мемлекет бөліп отырмағанын түсіну керек. Біз инвесторға "өз бизнес-жобаңның орнына мектеп сал" деп айта алмаймыз. Мұнда әр инвестор өзі үшін не тиімді екенін өзі шешеді.

– 2020 жылдың тамызында Нұр-Сұлтан әкімдігі елорда толық цифрландырылып, қаланың 3D үлгісі құрылады деген болатын. Бұл қашан аяқталады?

– Процесс жүріп жатыр, жыл соңына дейін аяқтаймыз деп үміттенемін. Қазір біз жердің үсті мен асты арқылы өтетін инженерлік желілерді цифрландырып жатырмыз. Бұл не береді? Мамандар жолды жөндеу немесе кәріз жүргізу кезінде қағазда көрсетілмеген кабельдерді зақымдап алатын жағдай болады. Цифрландыру қай жерде қандай желі бар екенін, қаланы үстінен де, астынан да көруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қаладағы барлық жер телімдерін цифрландыру жүріп жатыр. Бұл жер иелеріне шекара бойынша даулы мәселелерді шешуге көмектеседі. Ал билік мақсатқа сай қолданылмай тұрған учакелерді көре алады.

© Photo : Управление архитектуры Нур-СултанаПрезидент саябағында балаларға арналған үлкен ойын алаңқайы салынады
Нұр-Сұлтан тұрғындарына енді Бурабайға барудың қажеті болмайды – бас архитектор - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Президент саябағында балаларға арналған үлкен ойын алаңқайы салынады

Сонымен қатар қала ғимараттарын да цифрландырып жатырмыз. Құрылыс жүргізуші жаңа ғимарат басқа нысандардың жанында қалай көрінетінін қарай алады. Бұл жобалау үшін қолайлы. Егер алда-жалда өрт шықса, ғимараттың үш өлшемді кескінін көруге мүмкіндік бар. Жалпы өте пайдалы дүние шығайын деп тұр.

– Біздің оқырмандарымыз жаңа салынған тұрғын үй кешендерінің жанында неге машина мен ағаштарға орын жоқ екенін білгісі келеді. Сонымен қатар жүктемені көтере алмайтын коммуникациялық желілер де наразылық тудырып отыр.

– Бірінші сұраққа келсек, біздің норматив бойынша әрбір тұрғын үй кешенінің (тұрғын үй санатына қарай) белгілі бір көлемде тұрақ орны болуы керек. Біз үйлердің тұрақсыз салынуына жол бермейміз.

Адамдардың осы тұрақ орындарын сатып алмауы мәселе тудырып отыр. Олар көліктерін аулаға қояды. Ал аула автокөлік қоюға арналмаған. Азаматтар өзі үшін, балалары үшін қолайсыздық тудырып, көлікті аулаға қалдырады да, орын жоқ деп кейістік білдіреді. Ендеше тұрақтан орын сатып ал немесе жалға ал. Сонда аула бос болады.

Коммуникациялық желілерге келер болсақ, мұндай проблеманың бар екені рас. Біздің инженерлік желілеріміз мұндай көп адам санына арналмаған. Жобалануында кінәрат жоқ. Мәселе ешкім қаланы мұншалықты қарқынды дамиды деп ойламауында болып отыр.

2016 жылғы жоспар бойынша халық саны 2030 жылға қарай 1,2 миллион болуы тиіс көрсеткішке біз 2020 жылы жетіп қойдық. Қаланы 10 жыл ерте тұрғындармен толтырдық.

Бізде белсенді миграция жүріп жатыр. Бұл қалыпты жағдай. Америкада барлығы Нью-Йоркке, Ресейде Мәскеуге барса, Қазақстанда барлығы елордада тұрғысы келеді. Бұл үйлердің бой көтеруіне, адамдардың орналасуына, желілердің жүктемесі артуына алып келуде.

Қазір жаңа бас жоспар әзірленіп жатыр. Оған сәйкес 2035 жылға қарай елорда халқының саны екі миллионға жетеді.

Жаңа жоспар бойынша жолайырықтар, көпірлер санын арттырып, адамдардың бір жағалаудан екіншісіне еркін жетуін қамтамасыз ету керек. Көпір неғұрлым көп болса, қозғалыс та соғұрлым жеңілдейді және кептелістер жоғалады. Бұл тек уақыт еншісінде, барлығы іске асады.

– Ресейлік танымал урбанист Илья Варламовтың сынына қалай қарайсыз? Ол бұрын Нұр-Сұлтанның сол жағалауы көліктер үшін салынған және жаяу жүргінші үшін қолайсыз деген сын айтты.

– Сын айту әркез оңай. Иә, бізде бәрі ойдағыдай емес. Бірақ Мәскеу де бір күнде бой көтерген жоқ. Мұның барлығы тарихи тұрғыда қалыптасып қойған Еуропадан біз көп жылға қалып келеміз. Біз біршама басқаша өмір сүрдік. Бірақ қазір бізде де өзгерістер жүріп жатыр.

Сол жағалаудың қолайсыздығы жайлы айтсақ, мұндай жағдай бар шығар. Бірақ астана тым тез салынды, 23 жылдың ішінде осындай әсем қала тұрғыза алдық. Жаңа пәтер де бірден қолайлы бола қоймайды. Бір жерге гүл отырғызасыз, бір тұсқа сурет ілесіз, бір қабырғаға кітап сөресін орнатасыз. Осыдан кейін ғана пәтер жылы орынға айналады. Сондықтан қалаға қатысты 23 жыл ауқымды мерзімге жатпайды.

– Көпшілікке арналған орындар жайлы не айтасыз? Олардың саны арта ма, қайда ашылады?

– Әрине, қоғамдық кеңістіктер салынып жатыр және салына береді. Егер шағын аумақ пайда болса, онда құрылыс жүргізбейміз, мен оған қарсымын. Міндетті түрде адамдарға арналған орын саламыз: белсенді немесе белсенді емес ойындарға арналған саябақ, итпен серуендеу орындары.

Өткен жыл адамдардың төрт қабырғаға қамалып отырғанды қаламайтынын, саябақтарда серуендеуді, таза ауада жүруді қалайтынын көрсетті. Бұрындары саябақта көрпе төсеп отыратындар жоқтың қасы болатын. Қазір бұл қалыпты көрініс. Айналасында балалар жүгіріп жүреді. Адамдардың менталитеті өзгеріп жатыр. Сондықтан біз ашық кеңістіктердің көп болғанын қарастырамыз.

Мысалы, "Арқар" көпірі астындағы және Еуразия ұлттық университетінің жанындағы бос жатқан аумақты "тірілттік". Ол жақта енді баскетбол ойнап, фитнеспен айналысуға, көше тағамынан дәм татуға, граффитиді тамашалуға болады.

Өткен жылы Омаров көшесінің бойында – Республика даңғылынан жас көрерменге арналған музыкалық театрға дейін жаяу жүргінші бульварын абаттандыру бойынша жұмыс басталды. Жұмыстардың бір бөлігі аяқталды: 1 маусымда ол жақта фонтан кешені ашылды. Күн сайын оның жанында көп адам жиналады.

© Photo : Управление архитектуры Нур-СултанаҚаланың оң бөлігінде болашақта тақтайлы жағалау пайда болады
Нұр-Сұлтан тұрғындарына енді Бурабайға барудың қажеті болмайды – бас архитектор - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Қаланың оң бөлігінде болашақта тақтайлы жағалау пайда болады

Қалада болашақта жылжымалы ағашты жағалау, скейт-парк, ашық аспан астындағы су жанындағы кинотеатр, жаңа жағажай, барлық саябақта киім шешетін орны бар спорт павильондары пайда болады. Павильондар – бұл түрлі жаттығуларды өткізуге болатын жабық уақытша конструкциялар. Душ және жаттықтырушылар мектебі бар мұндай тұңғыш павильонды Триатлон паркінде орналастыру жоспарланып отыр.

Самал шағын ауданы жақтағы Есіл өзенінің жағалауындағы көпір астында жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады. Бос тұрған аумаққа көлеңкелі аспалар, жастар өнер көрсете алатын сахна орналастырамыз.

Бейбітшілік көшесінің басында – Кенесары көшесінен жағалауға дейін гастрономиялық көше салынады. Ол жақта тиісті инфрақұрылым бар. Сондықтан жаяу жүргіншіге арналған бульвар да саламыз.

Әкімдік алдындағы бос жатқан аумақ та қайта жасақталады. Ол жақта Абай даңғылының бойында "қалалық орман" пайда болады. Ал Кенесары көшесіне қарай амфитеатр, көлеңкелі аспалар, демалыс орындары салынады. Сондай-ақ осы жақта су тоннелін түзе алатын фонтан орналасады. Түнгі уақытта мұның барлығы жарықтандырылады.

© Photo : Управление архитектуры Нур-СултанаӘкімдік алдындағы алаңда бөй көтеретін фонтандар
Нұр-Сұлтан тұрғындарына енді Бурабайға барудың қажеті болмайды – бас архитектор - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Әкімдік алдындағы алаңда бөй көтеретін фонтандар

Сонымен қатар алаңда "классикалық" фонтан мен суы жер астынан шығатын жаяу жүргінші фонтаны бой көтереді. Фонтандар шілденің ортасына қарай қосылады деп жоспарлап отырмыз.

– Нұр-Сұлтанда велосипед жолдары көбейе ме?

– Кейбіреулер елорда климаты велосипед айдауға аз уақыт беретінін айтады. Алайда бұл спортпен айналыспау керек деген сөз емес. Оның үстіне пандемиядан кейін адамдар өз денсаулығына үлкен көңіл бөле бастады.

Кейде "Велосипед жолымен келе жатыр едім, ол бітіп қалды" деген шағымды да естіп жатамын. Мұндай проблема бар. Қазір мұның барлығын реттеп жатырмыз. Елордада барлығы 123 километр велосипед жолы төселеді деп жоспарланып отыр.

Осы жазда бас қаладағы барлық паркте велосипед және жаяу жүргінші жолдары арқылы айналма жол салу жоспарланып отыр. Яғни барлық жеті парк осы жолдармен біріктіріледі. Адамдар еш кедергісіз бір парктен екіншісіне жете алады.

– Пандемия елорданы абаттандыруға кедергі келтірді ме? Мысалы, бюджет қысқарды ма?

– Жоспар өзгерген жоқ. Оның үстіне өткен жылы пандемия кезінде қалада 60 қоғамдық кеңістік пайда болды. Осы жылы бұл жұмыстар жалғасын табады.

Менің ойымша, пандемия адамдардың ойын өзгертуге үлкен әсерін тигізді.

Өткен жылы елордада бірінші рет рекордты үш миллион шаршы метр баспана бой көтерді. Салыстыру үшін айтсақ, Мәскеуде төрт миллионнан астам шаршы метр салынды.

© Photo : Управление архитектуры Нур-СултанаНұр-Сұлтанда Ататүрік атындағы саябақ абаттандырылады, ол жерде йога-аймақ болады
Нұр-Сұлтан тұрғындарына енді Бурабайға барудың қажеті болмайды – бас архитектор - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Нұр-Сұлтанда Ататүрік атындағы саябақ абаттандырылады, ол жерде йога-аймақ болады

Мен бірнеше құрылысшымен сөйлестім. Олардың барлығы тарихтағы ең көп сатылым 2020 жылдың тамызында болғанын айтты. Ол кезде баспана сатып алу үшін зейнетақы жинағын жұмсауға рұқсат берілмеген болатын. Адамдар саяхат, тойға арналған ақшасын үнемдеп, өздеріне және балаларына пәтер сатып алды деп ойлаймын. Бұл жақсы өзгеріс. Ақшаны босқа жұмсаған жоқ.

– Болашақта, шамамен 10 жылдан кейінгі Қазақстанның бас қаласын қалай елестетесіз?

– Мен тіпті бес жылдан кейін де оны сұлу деп елестетемін. Бұл бос сөз емес және мен архитектура басқармасында қызмет ететіндіктен айтып отырған жоқпын. Бір ай немесе бір жылдан кейін мен бұл жерде қызметте боламын ба, білмеймін. Бірақ осы жаққа келгенде үнемі қалаға сүйсінетін боламын.

Алдағы уақытта Талдыкөл, Майбалық көлдерін абаттандырғаннан кейін адамдарға демалу үшін Бурабайға барудың қажеті болмайды. Оған көп адамның мүмкіндігі де, уақыты да жоқ.

Енді адамдар отбасыларымен өзенге барып, суаттардың жанында серуендеп, құстарды тамашалай алады. Бізде өзен мен екі көл бар. Мұның барлығы қол созым қашықтықта орналасқан. Бұл барлық қалада бола бермейді. Мұны пайдалану керек.

Жалпы біздің елордамыз көз алдыңда өсіп келе жатқан бойжеткенді елестетеді. Ол алуан түрі бола алады: оң жағалаудағыдай қолайлы немесе сол жағалаудағыдай сәнді.

– Көлдерге қатысты айтсақ, Кіші Талдыкөлдің тағдыры не болмақ?

– Кіші Талдыкөлдің суы сақталады, суатты құрғатпаймыз. Оның айналасындағы аумақ абаттандырылады. Алайда Кіші Талдыкөлдің өзінде құрылыс жұмыстары жүрмейді. Бірақ құрылыс жоспарына сәйкес, оның айналасында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар және тағы басқа да нысандар пайда болады.

- Рахмет!

Жаңалықтар
0