Елорда тынысы

Қызға "айналып" кетті: Нұр-Сұлтан перзентханасында таңғаларлық жағдай болды

© Photo : pixabay.comРука младенца, иллюстративное фото
Рука младенца, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2021
Жазылу
Молдабековтар әулеті Рамазан деп азан шақырып ат қойған перзентінің есімін Айару деп ауыстыруға мәжбүр болды

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтан перзентханаларының бірінде таңғаларлық жағдай болды. Ұл болып туған сәби анасы кесарь тілігінен кейін есін жиып болғанша қызға "айналып" кеткен, деп хабарлады 31 арнадағы Информбюро бағдарламасы.

Ал дәрігерлер бала туралы мәліметті компьютерге енгізіп, босанған келіншекке туу туралы медициналық анықтама беріп, оған жынысы "ұл" деп ойып тұрып жазып беріпті. Ол аздай, хирург дәрігер Ұлдананың туыстарына хабарласып "шаңырақтарыңызға маңдайы торсықтай ұл келді" деп сүйінші сұраған. Енді Молдабековтар әулеті Рамазан деп азан шақырып ат қойған перзентінің есімін Айару деп ауыстырыпты. 

Тұңғышына толғағы қысқан Ұлдана бірден Нұр-Сұлтандағы нөмірі бірінші перзентханаға келеді. Дәрігерлер келіншектің өз күшімен босана алмайтынын білген соң кесарь тілігін жасап, есін толық жинай алмай жатқан анадан сіз ұл тудыңыз деп сүйінші сұрайды. Тіпті компьютерден қағаз шығарып, баланың қолына да ұл деген бирка тағып береді.

"Келіншек есін жинап, палатада баласын қолына алғанда түсініксіз жағдай болады. Дәрігерлер дұрыс қой, сен қыз босандың деп айтқан.  Сосын босандырған акушер келіп, кешірім сұраймын, қағаздан қателік жіберіппін, сіз қыз тудыңыз деген", - дейді Ұлдананың әпкесі Мира Нұранова.

Сөйтіп жаңа босанған Ұлдана түк түсінбей дал болып жатқанда туғандары тұңғыштары ұл болды деп тойлап қойған. Екі күннен кейін дәрігерлердің шатасқанын естігенде төбесіне жай түскендей болады. Өйткені олар сәбиге ат қойып үлгерген.

"Рамазан деп ат қойып қойған едік. Енді өздері келісіп, Айару деп өзгертіпті. Одан бас тартпаймыз, жиенім ғой", - дейді Ұлдананың анасы Жұмақыз Ұлданасова.

Дәрігерлердің бұлай шатасқанына сенбеген баланың әкесі ДНҚ сараптамасын талап етеді. Оның нәтижесі бойынша сәби 100 процент Ұлдананың баласы болып шығады. Алайда ашық келген конверттегі нәтижеге әкенің көңілі толмайды, сондықтан қайта тексермек. Баладан бас тартпаймын, бірақ қателескендері жазаға тартпай қоймаймын дейді.

"Мен сотқа беремін, ары қарай қандай жаза тағайындалатынын сот шешеді", – деді Ұлдананың күйеуі Ердос Молдабеков.  

Денсаулық сақтау басқармасы перзентханаға қанша хабарласқанмен қызды ұл деп шатастырғандар сыртқа шығып мән-жайды түсіндірмей қойды.

Журналистердің келгенін естіген дәрігерлер кейін бүлдіршіннің әкесін кіргізіп алып кешірім сұрайды. Айтуларынша, компьютерге мәлімет енгізген дәрігерден қателік кетіп, бұған дейін туған баланың жынысы мен салмағы жазылып кеткен.

Алайда Ұлдананың туғандары дәрігерлер жазасын алмай қоймаймыз деп отыр.

Жаңалықтар
0