Елорда тынысы

Автобустар мен ұшақтар тоқтады: Нұр-Сұлтанда не болып жатыр

© Sputnik / фото очевидцаМетель в Нур-Султане
Метель в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.03.2021
Жазылу
Қатты боранға байланысты Нұр-Сұлтанда қала маңына қатынайтын автобустар мен әуе рейстері тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз — Sputnik. Елордада қатты боранға байланысты қала маңына қатынайтын автобустардың қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды CTS кәсіпорны.

Атап айтқанда, № 302, 305, 307, 310, 311, 312, 315, 316, 317, 318, 320, 321, 322 мен 326 бағдарлары тоқтатылды. Ал №12 автобус Арнасай, Сарытоғай мен Беласар көшелеріне бармайды, Пригородный тұрғын үй алабына кірмей, бірден әуежайға жүреді.

Бұдан бөлек, ауа райының қолайсыздығына байланысты әуе қатынасына да өзгеріс енгізілді. Астаналық әуежайда бір рейсті шығармай, екеуін Алматыға жіберуге тура келді.

"Ауа райына байланысты "Нұр-Сұлтан - Жезказған" рейсін тоқтатуға тура келді. Ал "Шымкент-Нұр-Сұлтан" мен "Қостанай-Нұр-Сұлтан" рейстері Алматыға жіберілді. Дабылды ескерту сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін болады. Желдің жылдамдығы секундына 18 метрге дейін жетеді деген болжам бар", - деді Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов Sputnik Казахстан тілшісіне.

Аэродром 16:30-дан 20:00-ге дейін қардан тазалау үшін жабылды. Қызылорда-Нұр-Сұлтан рейсі Қарағандыдағы қосалқы аэродромға жіберілді.

Әуежай қызметкерлері қазіргі жағдайға түсіністікпен қарауды сұрады. Әуе компанияларының әлеуметтік желідегі парақшаларында рейстерге қатысты барлық ақпарат жарияланып отырады.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, 22 наурыздан 23-іне қараған түні елорданы қардан тазалауға 450-ден астам арнайы техника мен 100-ге жуық адам жұмылдырылған. Бір тәулік ішінде қаладан 31 мың текше метр қар шығарылды.

Бүгін қар күреуге 960 арнайы техника мен 1700-ден астам жұмысшы шығарылған.

"Бірінші кезекте жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалыс өте қарқынды учаскелер тазартылады. Одан кейін орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар және тағы басқа жерлер тазартылады", - дейді мамандар.

Жиналған қар елордадағы 11 полигонға шығарылады. Полигондарда фото және бейнекамералар орнатылған.

Жаңалықтар
0