Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда "Бұрқасын-2021" фестивалі өтті

© Photo : Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтыНұр-Сұлтанда "Бұрқасын-2021" фестивалі өтті
Нұр-Сұлтанда Бұрқасын-2021 фестивалі өтті - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2021
Жазылу
Сайыс қысқы спорттың 8 түрінен өтті. Шаңғы жарысына 4 жастағы бүлдіршіннен 50 жасқа дейінгі спортшылар қатысты

НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайынғы дәстүрлі "Бұрқасын-2021" қысқы фестивалі өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Аталған жарыс қысқы спорттың 8 түрінен өтті. Нақтырақ айтқанда, шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, қол күресі, пималы хоккей, қармен нысананы дәлдеп ату, автоспорт, мотоспорт және қысқы футбол.

Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

"Бұл "Бұрқасын-2021" қысқы фестивалі дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Қысқы ойындарға қатысып, белсенділік танытып жатқан спортшыларға үлкен алғыс айтамыз. Біздің мақсатымыз – салауатты өмір салтын және спортты насихаттау. Баршаңызға тілектеспіз, сәттілік тілеймін!" – деді Мәкен.

Сонымен қатар, қысқы фестивальге қатысқан елорда тұрғындары мен спортсүйер қауымды Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев мәдениет және спорт министрілігінің атынан құттықтап, шараны ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне алғыс білдірді.

Шаңғы жарысына 4 жастағы бүлдіршіннен 50 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. Сондай-ақ осы спорт түрінен сайысқа түскен жас сарбаздар мен әскери қызметшілер салауатты өмір салтын ұстанып, үлгі көрсетті.

"Бұрқасын-2021" фестиваліне қатысу мақсатымыз – жастар мен жасөспірімдерді спортпен айналысуға насихаттау, жастарға үлгі болу. Біз үшін қазіргі қоғамдағы жастардың денсаулығы маңызды. Сол себепті бос уақытын тиімді пайдалансын деген оймен "Жас сарбаз" қоғамдық бірлестігінің атынан 30-ға жуық жасөспірімді қатыстырып отырмыз. Жеңіске жетеміз деген үмітіміз бар", – деді "Жас сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Жаңалықтар
0