НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтанда аумағында тағы екі базар салынады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қаладағы жылыжайлар мен азық-түлік базарын көбейтеміз. Бүгінгі өткен инвестициялық кеңес жылыжай кешені мен екі базардың құрылысын қолдады. Атқарылып жатқан бұл жұмыстар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді", - деп жазды Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оқи отырыңыз: Елордада оң және сол жағалауларды жалғайтын екі көпір салынады
Сондай-ақ, инвестициялық кеңесте темірбетонды бұйымдар, гиперпресстелген кірпіш, ағаш өнімдері мен жарықдиодты жарықшамдар шығару сияқты жобалар қолдау тапты.
"Бұл материалдардың барлығы да құрылыста қолданылады. Құрылыс қарқынын ескерсек, отандық өндіріс материалдары салынып жатқан объектілердің өзіндік құнын төмендетуге көмегін тигізеді", - дейді Көлгінов.
Кеңес мүшелері бірқатар медицина мекемелерінің құрылысы мен медициналық маска шығаратын өндіріс жобасын қолдады.