Елорда тынысы

"Қараудың өзі қорқынышты": Өткен айда қарттар үйіне түскен қария көз жұмды

© pixabay / Sabine van ErpСтарость
Старость - Sputnik Қазақстан
Жазылу
27 қыркүйек күні елордадағы қарттар үйіне тапсырылған қария 20 күннен кейін жұмбақ жағдайда жан тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда қарттар үйіне жатқызылған 67 жастағы қария жұмбақ жағдайда қайтыс болды.

Марқұмды жан тапсырар кезінде көрген көршілері мекеме қызметкерлері ұрып-соқты деп күдіктенеді. Өйткені оның аяқ-қолы сынып, көгеріп, күйіп кеткен еді дейді.

Анатолий Вознюк көлік саласында қызмет атқарыпты. Зейнет жасына келгенде қарайласар бірде-бір туысы қалмаған. Тек көршілерімен ғана жақын араласқан. Жалғыздықтан әбден шаршаған соң, қоңсысының көмегімен Қарттар үйінен пана табады. Арты қайғымен аяқталған, деп хабарлады "Астана" арнасы.

"Біз бір отбасындай болып кеткенбіз. Менде оның сенімхаты да бар. Қарттар үйіне өткіз деген соң, жағдайы жақсарар деп, айтқанын екі етпеп едім. Кім білген осылай боларын. Оны бірінші рет көруге келгенде, тамақтанудан бас тартқанын айтты. Екінші келгенде, бір аяғы қап-қара болып ісініп кеткен. Қараудың өзі қорқынышты болды", - дейді марқұмның көршісі Вера Петрова.

Анатолийдің аяғы мазалағандықтан, соңғы жылдары жүруден қалған. Бір аяғына ота да жасалыпты. Қарттар үйі оны сол күйінде қабылдағанымен, артынан ауруханаға  жөнелткен. Алайда, оның жағдайы туралы хабар да алмаған.

Көршілерінің айтуынша, қарттар үйі қызметкерлері ондағыларға күтім жасамақ түгілі, қарауда да немқұрайлылық танытады. 

"Палатаға кіріп едім, оның жерде жатқанын көрдім. Артынан ондағы қызметкерлерді  іздеп кеттім. 2 қабатты аралап жүріп бір санитар маманды әрең таптым. Олар оның құлап кеткенін жөргегін ауыстырып жатқан едік деп түсіндірді. Сіздерді 15 минуттан бері іздеп жүрмін ғой десем, жауап та қатқан жоқ", - деп ашынды көршісі Виталий Петров.

Тағы оқыңыз: Алғаш рет шын ғашық болдым - қарттар үйінде сүйіктісін кездестірген қарияның әңгімесі

Қалалық қарттар үйінің мамандары науқастың қайтыс болғанынан да хабарсыз. Соған қарамастан, олар тағылған айыптың бәрін жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, марқұм мекемеге келгенде жағдайы ауыр болған. Қолдарында оны растайтын құжаттары да бар. Керісінше, біз оны адам қатарына қостық деп отыр.

"Күйік болған жоқ. Екі аяғы да қап-қара болды. Тізеден төмен қан айналымы болмады. Аяғы сұп-суық. Бір көргенде, күйік сияқты көрінеді. Бірақ ол влажное гиангагоме, біздің тілімізде солай айтылады. Ол кісі қимыл-қозғалыссыз жатқан адам. Ұрып-соғуға қандай себеп бар", - деп түсіндірді "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы медицина бөлімінің меңгерушісі Болатбек Мұсаханов.

Елорда тұрғыны Қарттар үйіне 27 қыркүйекте түскен. 9 күн арнайы күтім алып, ауруды еңсеруге мұндағы мамандардың шамасы келмеген соң, қалалық ауруханаға жеткізілгендерін растады. 67 жасқа келген қарт 17 қазан күні көз жұмды.

Жаңалықтар
0